Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

KAZINFORM – «Теріскейге көшу: Қоныстандыру бағдарламасына қандай жаңашылдықтар қажет?». Петропавлда осындай тақырыппен көші-қон мәселесіне қатысты талқылау өтті.

«Paperlab» зерттеу орталығының басшысы Серік Бейсембаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысына 2017-2021 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстікке 12 мың адам көшіп келген.

Оның екі мыңы тұрақтамай, қайтып кеткен.

«Бағдарлама 7 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оның артықшылығы мен кемшіліктерін білеміз. Бұл кездесуде СҚО-дағы нәтижесін талқылаймыз. Жергілікті қоғам өкілдерінің пікірін біліп, жоғары жаққа ұсыныс беруіміз керек. Жалпы мұндай талқы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Теріскейге көшу бағдарламасының қазіргі күні ең басты мәселесі — бұл бағдарламаға бір қорытынды, зерттеу жасау қажет. Осы уақытқа дейін өңірге көшіп келген адамдардың қаншасы тұрақтап қалды және әлеуметтік-экономикалық нәтижесі қандай? Қазір бұл туралы мәлімет өте аз», — дейді Серік Бейсембаев. 

Әлеуметтанушының айтуынша, көшіп келгендердің осы жаққа сіңісіп кетуі де — үлкен мәселе. 

«Бейімделуге климат қана әсер етпейді, ол әлеуметтік-экономикалық сипатқа да ие: жұмыс табу, үй-жай мәселесі, білім алу, балаларды оқыту — осындай кешенді, қордаланған мәселелер бар. Оларды шешудің тек бір ғана оңай жолы жоқ. Ол қаржыға ғана келіп тірелмейді, жергілікті биліктің, қоғам белсенділерінің араласуымен шешілетін мәселе. Яғни көшіп келген адамдар өз мәселесімен жеке қалмауы тиіс. Олардың мұң-мұқтажын, шағымын жоғары жаққа жеткізе алатындай мүмкіндігі болуы керек. Сондай-ақ түрлі іс-шараларға қатысу арқылы өзін осы аймақтың тұрғыны ретінде сезінуі өте маңызды. Қазіргі күні оларға тек қана үй, жұмыс табу мәселесі бойынша ғана көмек көрсетіледі, ал жалпы әлеуметтік-мәдени ортаға сіңістіру жағы қарастырылмаған», — дейді Серік Бейсембаев. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!