Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері білім беру саласындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық жобалармен белсенді айналысуда. Солардың бірі – оқытушылардың оқу жүктемесін оңтайландыруға арналған интеллектуалды жүйе.
Жобаны ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері Мерей Ауезхан, Жансая Елбаева ғылыми жетекші Кәмшат Тусупованың жетекшілігімен жүзеге асыруда.
Әзірленіп жатқан «Curriculum Optimizer» интеллектуалды жүйесі оқу жоспарларын, пәндердің кредиттік көлемін, пәндер ара-сындағы байланыстарды, сондай-ақ оқыту-шылардың біліктілігі мен ағымдағы жұмыс көлемін кешенді түрде талдайды. Жүйе осы деректер негізінде оқу жүктемесін ең тиімді түрде үлестіру нұсқаларын ұсынады.
Жоба аясында жүктемені автоматты түрде үлестіруге мүмкіндік беретін алгоритмдер әзірленіп, жүйенің жұмыс істейтін прототипі жасалды. Прототип нақты оқу деректері негізінде сынақтан өткізілді.
Жүргізілген тестілеу нәтижелері оқу жүктемесін жоспарлауға кететін уақыттың едәуір қысқарғанын және жүктеменің оқытушылар арасында теңгерімді бөлінуіне қол жеткізілгенін көрсетті. Бұл шешім оқу бөлімдері мен кафедра қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, жоспарлау үдерісіндегі адам факторын азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жоба университеттің басқару үдерістерін цифрландыруға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мерей АУЕЗХАН,
Жансая ЕЛБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
«Ақпараттық технологиялар және
жасанды интеллект» факультетінің 4-курс студенттері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
