Адам баласының жүрегіне ізгілік ұялататын, өмір жолының бастауында бағыт-бағдар беретін жан – ол ұстаз. Әсіресе, сынып жетекшінің орны ерекше. Ол – тек пән мұғалімі ғана емес, әр оқушының ішкі жан дүниесін түсінетін психолог, тәрбиеші әрі екінші ата-ана. Сынып жетекші – оқушылардың өмір сценарийінің алғашқы беттерін бірге жазатын тұлға.
Бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап, оны қарсы алатын да, қолдап, демейтін де сынып жетекшісі. Ол әр оқушыны жеке тұлға ретінде танып, оның қабілетін ашуға, жақсы қасиеттерін дамытуға тырысады. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ұстаздық жолда шәкірттің биік белеске жетуі мұғалім үшін үлкен мәртебе.
Биыл 11-сынып оқушысымын. Мектеп бітіруге 20 күндей қалды. Сыныбымды, ауыл шетіндегі шағын ғана мектебімді, білім берген ұстаздарымды, ең қиыны сыныптастарым мен аяулы ұстазымды қимаймын.
Осы кезге дейін бізге бағыт-бағдар берген ұстазымыз – Айдана Қуанышқызы. Ұстаз деген ұлы ұран, ұлы жан біздің жүріс тұрысымызға дейін саралап, оң мен солды танытқан адам. Адамның басында бес елі бағы болса, сол бағымыздың бірі ұстазымыз Айдана. Жарыстардан орын алсақ төбесін көкке көтеріп жаны жадырайтын, барымен бөліскен елжанды адам. Кеше ғана кішкентай, ерке бұзықтарыңыз бір-бір үлкен азамат болды. Екі үш айдан кейін оқушыларыңыз жоғары оқу орындарының студенті атанбақ.
Әлі күнге дейін есімде, тоғызыншы сынып оқып жүргенде мектепшілік емтихан болатын болды. Апайымыз емтиханның сұрақ-жауап парағын сыныпқа тастап кеткен. Біз оны көріп, үндемей пакетінен жыртып, таласып-тармасып суретке түсіріп келесі күні емтиханнан жоғары жоғары балл жинап шығамыз ба дегенбіз. Бірақ, қайдағы, емтихан болатын күні шпормен ұсталып апайымыз әбден ренжіді. Емтихан бітісімен мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары келіп қатаң сөгіс жариялап, «бәріңді мемлекеттің емтиханнан құлатам» деді. «Мемлекеттік емтиханды қойшы, апайымыз не болмақ» деп ойран топырымыз шығып жатқанда арамыздағы біреуміздің басымызға ой топ етіп түсіп оны ортаға салды. Сонда сыныптасым Ақзере «Лентаға жинап жатқан ақшадан жартысына гүл мен торт алайық, әйтпесе апайымыздың кешірімін алу қиын секілді» деді ол.
Сыныптың бәрі қоштап, сол күні сабақтан кейін ауылға келетін кішкентай маршутқа мініп қалаға тарттым. «Запад» аймағындағы гүл сататын дүкенге бардым. Сол уақытта қырсыққанда телефонымның қуаты бітіп, аймандай болдым. Телефонымды қуаттайтын қуаттағыш жоқ, көшедегі адамдардан сөйлесуге телефон сұрайын десем мені көшеде жүрген бишара көрер деп ұялып сәл аялдап отыра бердім. Жаймендеп күн қарайып ұясына батып бара жатып адасып қалмасам игі» деп ішімнен Құдайдан тілеп қоямын. Бірде гүл сатушы апай келіп «әй бала неге отырсың? Келгеніңе үш, төрт сағаттан асты. Біз қазір бір сағатта жабамыз» деді менің мөлейіп жылағым келіп отырғанға жаны ашыды ма, әлде дүкеннен бірдеңе ұрлап кететін ұрлықшы көрді ме, білмеймін.
Содан телефонымды қуаттайтын қуаттығыш таппай тұрғанымды, сонау Қаракөлден келгенімді жалпы айтқанда не керек, не істейін деп жатқанымды жасырмай айттым. Сөйтіп «келмегенім енді қала болсын» деп ауылға асықтым. Қараңғы түсті. Ауылға келдім. Үйге кіргенде алдымнан бірінші шешем шықты. «Қайда жүрсің? Сабақтың аяқталғаны қашан» деп айқайға салды. Анама бастан аяқ не болғанын түсіндіріп айтып бердім. Сынып болып кешіксек те сағат тоғыз-ондар шамасында апаймыздың үйіне бардық. Кешірімін алуға тармастық. Соңында кешірді. Содан ертесіне сабаққа барып бәрі дұрысталды ау деп отырғанда, апаймыз гүл лентаның ақшасынан алынғанын білгенде бәрімізге сөгіс жариялады.
Міне біздің сынып пен ұстазымыз осындай уақттарды бастан кешірген.
Көңілі кең жандармен жақсы күндерде бірге болу бір бақыт. Ал сол бақытты күндерді бағалай білген жан ол біздің өміріміздің сценарийін жазған ұстазымыз – Айдана Қуанышқызы.
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшуымызға санаулы күндер қалса да сол мұғалімнің бейнесі көз алдымыздан кеткісі жоқ.Оның жылы жүзі, сабырлы да сенімді дауысы, бізге деген шексіз мейірімі жүрегімізде сақталып қалады. Біз кім болсақ та, қайда жүрсек те, сол мұғалімнің берген білімі мен тәрбиесінің ізі тайға таңба басқандай боларына кепілдік бере аламыз.
Айдана ұстазымыз болашаққа жол көрсетуші шамшырақ бола білді. Ал біз – сол шамның жарығымен өз жолын тапқан жандар болып қала бермекпіз. Жүрегімдегі кішкентай ғана қуыстан орын алған ұстазымнан кеткім келмейді. Өміріміздің осы жарқын сценарийін жазуға себепкер болған екінші анамызға мың алғысымызды білдіреміз!
Нұрислам БАХТИЯР,
№39 «Қызылөзек» орта мектебінің
11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!