Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы, білімі мен тәрбиесі – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген еді. Жолдауда айтылған бұл сөз бала тәрбиесіне кім жауапты екені жөнінде талайды толғандырғаны рас. Мектеп оқушылары арасындағы қатыгездік, озбырлық пен тәртіпсіздік туралы жиі естіп, тосыннан тарс еткен оқиғаларды көрген жаралы жүрек көбейді. Ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағымен байланыстырған дана қазақтың бұндай хәлге жетуіне не себеп? Ал оқушының ойсыз әрекетіне кім тосқауыл болады? Олардың тәрбиесіне кім жауапты?

Рас. Санада сансыз сауал толып тұр. Ізденген, іздеген, қара қылды қақ жарғандай ақ пен қараны анық көрсеткендер де болды. Бірақ әлі де «әттеген-айы» басым. Себебі бүгінгі оқушының мінез-құлқы, мән-жағдайды қабылдауы да тым өзгеше. Олар өздерін «Z» ұрпақпыз дейді. Енді осы «зедтердің» тәртібі талайды толғандырып отыр ғой…

Әке мен ананың әр сөзі, әрекеті баланың бойына сіңіп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Шынымен баланың алғашқы ұстазы, жақын досы әрі ақылшысы – ата-ана. Ал санаға сіңетін тәрбие бала өмірінің іргетасы болмақ. Себебі «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Сондықтан ата-ана өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қарамаса, бала тәрбиесі ақсайды. Олардың қарым-қатынасындағы селқостық оның мінезі мен әлемге көзқарасын бұзуы мүмкін.

Мәселен, былтыр «Сенімен Болашақ» қоры өткізген форумда «Қазакстанда бала тарибесімен негізінен аналар айналысады» деген пікір айтылған еді. Олар арнайы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға 33 пен 55 жас аралығындағы 33 мыңға жуық ата-ана қатысқан. Бала тәрбиесі туралы акпарат берудегі әкелердің үлесі 37,3% болса, ал аналар 62,7%-ды құраған.

Ұлттық тәрбиеде «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді. Жаны мен пейілі, ойы ақ қағаз тәрізді сәбиді тұлға ретінде қалыптастырудың дайын жолы, міне алдыңызда. Бірақ таңнан кешке дейін жұмыс істеп, отбасын асырауға бар күшін салатын ата-ана жауапкершілікті балабақша мен мектепке артуды жөн көреді. Ал кейін тәрбиенің жоқтығы бос орынға айналады да, оның орнын әлеуметтік желі мен сыртқы әсерлер басып кетеді. Міне, осы ретте бала тәрбиесіндегі мектеп пен ұстаздың рөлі қылаң береді.

Мұғалімнің міндеті – білім беру, алайда бүгін мұғалімдерге тәрбие жүгін де артып қойғанымызды байқамаймыз. Әр мұғалімнің де өз отбасы, балалары бар. «Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен» ана-ұстаздар мектепте де осындай жауапкершілікті алып жүр. Күнделікті сабақтан тыс, сенбі-жексенбі, мерекелік демалыстарда мұғалімдер түнгі рейдке шығып, оқушылардың көшеде беймезгіл жүрмеуін қадағалайды.

Бірақ бұл әділетті ме? Мектеп – оқушы мінезін қалыптастырудың жалғыз ошағы емес.

«Бала тәрбиесі – ортақ іс» деп жиі айтқанымызбен, бұл жауапкершілікті өзімізге алу қиынға соғып тұр. Тәрбиедегі ақсау ата-ана мен қоғамның ортақ олқылығы, ал мектеп оны түзеудің орны емес, қосымша бағыттаушы орта.

Шын мәнінде, бала тәрбиесінде ата-ана мен мұғалімнің рөлі бірдей маңызды. Әрі бұл екі жақтың да ортақ міндеті. Тек бір тарапқа жүктелген тәрбие нәтиже бермейді.

Хош делік. Бірақ мұғалім де ата-ана емес пе? Мектептен шыққан соң, үйінде күтетін баласы бар. Ал үйдегі баласын назардан тыс қалдыру да педагог үшін оңайға соқпайды.

Бүгінде білім беру процесі көп жағдайда қағазбастылыққа, есеп беруге, формализмге ауысып кетті. Мұғалімге өз міндетін атқару үшін жасалған жағдай қолайлы деуге сенгіміз-ақ келеді. Десе де, көзге көрінген фактор олай демейді. Егер біз оқушыдан сапалы білім мен тәртіп талап етсек, онда ұстаздардың негізгі міндеттеріне көңіл бөлу керек. Бұл бүгінгі ұстаз қауымның жанайқайы. Мектепке жақында жұмысқа орналасқан педагог та ашынып, ашығын айтты.

– Қазір мектепке жас маман болып жұмысқа орналастым. Шынымды айтсам, алатын айлығым 180 мың теңге. Аптасына 6 рет сабақ беріп ғана қоймай, директор орынбасарларының қарауы тиіс құжаттамасын біздерге жүктейді. Одан бөлек, кешкі рейдте де суретіміз болуы тиіс. «Облоноға отчетқа» деп шақырып, тек суретке түсіп ғана қоймай, күніміздің 3,4- 5 сағатын оқушыларды күзетумен өткіземіз. Қалған дүниелерді айтпай-ақ қояйын. Өзге түгілі, өзіме қарауға уақыт жоқ. Әрине, артық, міндеттелмеген жұмыстардың әрекетінен осындай болып отыр. Тек сабағымды беріп жүрсем дәл бұлай болмас еді. Десе де әр келген жас маман осы этаптан өтуі керек дегенді жиі естимін. Бірақ бұдан соң, оқушыға жаны ашитын, ізгілікке тұнған ұстаздің рөлін талап ету қате секілді. Дөрекілеу айтсақ, ілініп-салынып әрең жүргенде мінсіз мұғалім болу қиын. Ал оқушы тәрбиесі туралы ештеңе демей-ақ қояйын, – дейді есімін өзгертуді сұраған Еңлік апай.

Біз мәселені қозғаған адаммен емес, салдарымен күрессек, шешім бар. Сонда ғана оқушы мен ұстаз, ата-ана арасында мәміле болады. Тәрбиеге де кімнің жауапты болу керек екенін ұғынған шығарсыз.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!