ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске асырылуда. Бұл жаңа стандарт мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру және сауықтыру ұйымдарында қолданылады. Тамақтану стандарты заманауи, халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген. Басты мақсат – балаларды қауіпсіз, сапалы және құнарлы тамақтанумен қамтамасыз ету.

Біздің өңірде жалпы білім беретін мектептерде төрт апталық маусымдық перспективалық мәзір Қызылорда облысының білім басқармасымен келісіліп, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасымен бекітілді.

Мектеп тағамдарына арналған көп нұсқалы перспективалы мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктерін энергетикалық құндылығын ескере отырып құрастырылған.Балалардың жас санаттары, маусымдық ерекшеліктерін, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы да ескерілген.Семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың қаупін азайту үшін қант пен тұзды азайту бойынша ДДҰ ұсынымдары ескерілген.

Рацион мыналарды қамтиды: ет, балық және көкөніс тағамдары, жаңа піскен көкөніс салаттары және қант мөлшері аз сусындар,майы аз сүт, пробиотиктері бар ашытылған сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер.

Шағын мектептерге арналған түскі ас пакеттері (ланч-пакет): қайнатылған, порцияланған сиыр/жылқы еті/тауықтың, күрке тауықтың төс еті/жартылай қатты ірімшік, қайнатылған немесе шикі көкөністер, көк шөп қосылған наннан, лаваштан жасалған пергаментке оралған ыстық бутерброд,
ашытылған сүт өнімі (йогурт), маусымдық жемістер, сусындар.

Жаңа стандартқа енгізілген түзетулердің негізгі артықшылықтары – ДДҰ ұсыныстары бойынша тәуліктік қанттың қабылдау мөлшерін 25 грамнан, тұздың тәуліктік қабылдау мөлшерін 5 грамнан асырмау, жемістер мен көкөністерді тұтынуды көбейту, мәзірден табиғи емес тағамдарды алып тастау.

Білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың шведтік стол, кейтеринг пен аутсорсинг үлгілері, шағын жинақталған мектептерде – «Ланчпакеттер» қарастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдар мен балаларды сауықтыру ұйымдарында кейтеринг және аутсорсинг рұқсат етілмейді.

Жаңа стандарт балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін, оқу үлгерімінің оң өзгерісіне ықпал ететін болады.

Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!