ХХІ ғасыр – ақпараттық технология дәуірі. Қазірдің өзінде өмірімізді смартфонсыз елестете алмаймыз. Ол тамаққа тапсырыс беру, коммуналдық төлемдерді өтеу, банк операциялары, онлайн киім сатып алу секілді көптеген дүниеге бір ғана батырма арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Алайда бұл қолайлы жүйенің көлеңкелі тұсы да бар. Қоғамда «Ізсіз ұрылар» пайда болып, телефон арқылы жыл сайын мыңдаған қазақстандықтың қалтасын қағып, миллиардтаған ақшаны жымқыруда. Әйтсе де осы интернет алаяқтыққа келгенде арба сынып, өгіз өліп қала беретіні түсініксіз. Амалы таусылған талай жан өзі алмаған несиесін төлеп, шығынға шаш етектен батып отыр.

Бұл «ізсіз ұрылар» есік бұзбайды, терезе сындырмайды, тіпті қарақшылық шабуыл да жасамайды. Олардың қаруы – психология, сенім және жаңа технология. Кейінгі жылдары интернет алаяқтық қоғамның ең ауыр дертінің біріне айналды. Оның ауқымы кең. Біз «Мен алданбаймын. Оң мен солды жақсы білемін» деп өзімізді үлкен қауіпке тігетінімізді аңғармаймыз.

Бұл мәселе республикалық деңгейден өтіп, халықаралық ауқымға шығып кетті. Осы тақырыпта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында сөз қозғаған еді.

– Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп- қатері де аз емес. Кейінгі жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн.

Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн, – деді ол.

Бұл мәселе әркімнің басынан өтуі мүмкін. Себебі алаяқ адам талғамайды, әдіс таңдайды. Оған дәлел біздің жасырын кейіпкер.

– Түнгі ауысымнан шығып, үйге қайттым. Телефоныма біреу хабарласты. «Kaspi» қосымшасынан тапсырыс келді деді экрандағы дауыс. Шаршағаннан болар, нөмірді де дұрыс қарамаппын. SMS арқылы келген нөмірлерді айттып. Кейін демалып алайын деп ұйқыға кетіп бара жатқан кезде кейінгі уақытты ештеңеге тапсырыс бермегенімді аңғардым. Сөйтіп банк картамды қайта тексердім. Сөйтсем менің атымнан 4 миллион теңге кредит алынған екен. Көзіме оттай басылғаны қаражат емес, күнде осындай істер туралы хабардар болып, алданып қалғаным, – дейді кейіпкер.

Сандар сөйлейді

Қазақстанда интернет-алаяқтық қылмыстарының өсу қарқыны үрей туғызады. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз Қызылорда облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Асхат Дәуіржанұлымен байланысқа шықтық.

– Әлеуметтік желінің дамуымен оның көлеңкелі жақтары да келе бастады. Қазірде интернет алаяқтықтықтың 2025 жылдың екі айында 77 қылмыс орын алса, 2026 жылдың екі айында 65 қылмыс дерегі тіркелген. Яғни, 2025 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда алаяқтың деңгейі азайды. Дегенмен профилактикалық жұмыс тоқтамады.

Бұл қылмыстың ашылу көрсеткіші 73,3%-ға жетті. Ең жиі тіркелетін алаяқтық түрі – фишинг. Біздің жәбірленушілерге алаяқтар әртүрлі банктен хабарласып, өзін менеджер деп таныстырады. Көптеген жәбірленуші бізге уақытылы келмейді. Бірнеше ай өткеннен кейін келеді. Ол кезде қаражат басқа есепшотқа, бөгде елге кетіп жатады. Оны анықтау үшін ұзақ уақыт кетеді, – дейді ол.

Қазір алаяқтар жас талғамайды. Жас та, қарт та осы мәселенің құрбаны болып жатады. Қарттар көбіне қаржылық сауаттылық болмай, әлеуметтік желіні түсінбеген кезде алаяқтар оларды арбауына түсіреді. Ал жастар онлайн жұмыс істегісі келеді. Әлеуметтік желі арқылы пайда тапқысы келеді. Егде жастағы адамдар, саудагерлер, онлайн жұмыс істейтін кісілер жалған сайттарға ақша аударып, қаражаттарынан айырылып жатыр.

Маманның айтуынша, бұл жайт алаяқтардың «VPN» қосымшаларын қолдануымен күрделене түседі. Ол арқылы алаяқтар өздерінің жүрген жерлерін жасырады. Жалған ақпарат арқылы өзін таныстырып, бір реттік sim-картаны пайдаланады. «Telegram» қосымшасында чатты өшіру тек бір адамның тарапынан болса да, екі телефоннан да хаттар өшеді. Жәбірленушілер сақтануды естен шығарады. Осы фактілердің сабақтастығы істі қиындатады.

Статистика көрсеткендей, алаяқтардың құрбаны болушылардың жас ерекшелігі әртүрлі. Бұрын көбіне зейнеткерлер алданады десек, бүгінде 18 бен 45 жас аралығындағы еңбекке қабілетті, IT сауаты бар деп есептелетін азаматтар да қармаққа жиі ілінуде. Ең көп таралған схемалар жалған қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалу: OLX, Kolesa.kz, Instagram арқылы жалған тауар сату немесе жеткізу қызметі арқылы карта дерегін ұрлау, криптобиржалар атынан жалған жарнама жасап, ақша салуды ұсыну. Бұл жағдай құқық қорғау органдарынан бастап, психологтар мен заңгерлерге дейін дабыл қағуға мәжбүрлеп отыр.

Халық неге алданады?

Технология қанша дамыса да, алаяқтардың негізгі кілті – адам психологиясы. Кейіпкердің оқиғасына қайта көз салсақ… Ол білмегендіктен емес, оны сендіргендіктен алаяқтық арбауына түсіп қалды. Яғни хабар, білім болғанның өзінде психологиялық әдістер біраз рөл ойнайды. Адамды алдау үшін олар әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Бұл құбылысты түсіну үшін психолог Асыл Қанбаеваға жүгіндік.

– Кейінгі кезде интернет алаяқтық қоғамда өршіді. Оның себептерінің бірі психологиялық амал-тәсілдердің қолданысы. Себебі адам үшін эмоционалды жағдай аса маңызды, – деді маман.

Психологтың айтуынша, алаяқтар анонимдік және жалған тұлға құру, романтикалық манипуляция, жылдам байыту уәдесін беру, қорқыныш арқылы қысым жасау, сенімге кіріп, ақпарат жинау сияқты дағдылар арқылы адам алдайды.

Алғашқы методика – анонимдік және жалған тұлға құру. Ол арқылы интернетте адам өзін қалағандай етіп көрсете алады. Алаяқтар тартымды фото, табысты өмір бейнесі, «идеал» мінез-құлық моделін жасайды. Бұл – проекция механизміне әсер етеді. Адам қарсы тарапты емес, өз қиялындағы бейнені жақсы көре бастайды.

Келесі – романтикалық манипуляция. Маманның пайымынша, бұл – ең қауіпті бағыттардың бірі. Әдетте ол мынадай сценарийде болуы мүмкін. Алдымен құрбанмен эмоциялық тұрғыда тез жақындасып, жақын байланыс орнатады. Одан соң өзіне деген эмоциялық тәуелділік қалыптастырады. Мысалы «ыстық-суық» ойындарын қолдану арқылы. Құрбанды болашақ туралы уәделермен сендіріп қояды. Құрбанның сыни ойлауы басылған кезде күтпеген қаржылық мәселесі пайда болады. Мұнда «эмоциялық инвестиция» принципі іске қосылады, яғни адам қарым-қатынасқа қанша эмоция салса, сонша сенгісі келеді. Ал ең танымал әдістердің бірі – жылдам байыту уәдесі. Инвестиция, криптовалюта, онлайн-жұмыс. Оның психологиялық негізі пайдаға ашкөздік емес, қаржылық қауіпсіздікке ұмтылу, өмірін тез жақсартқысы келу. Алаяқтар «сирек мүмкіндік» иллюзиясын жасап, уақытты жасанды түрде шектейді: «тек бүгін ғана», «орын саны шектеулі». Уақыт жағынан шектелген мүмкіндік туындағанда адамда сыни ойлауы сейіле бастап, қауіп-қатерді байқамайды.

Төртінші әдіс – қорқыныш арқылы қысым жасау. Оған мысал ретінде аккаунттың істен шығып, алаяқтардың қолына түсуі, айыппұл салу, жеке деректі жариялау секілді тараптарды қарастыруға болады. Қорқыныш кезінде адам логикамен емес, аман қалу режимімен әрекет етеді.

Келесі әдіс – сенімге кіру және ақпарат жинау. Алаяқтар алдымен жеке ақпаратты сұрамайды. Олар сөйлесіп, сенім қалыптастырады. Сосын ғана карта нөмірі, код, құпия дерекке өтеді. Бұл – «біртіндеп келістіру» тактикасы.

Асыл Қанбаеваның айтуынша, қашықтық адамға қауіпсіздік сезімін береді. Ол жерде адам қарсы тараптың эмоциясын көрмейді. Онымен қоса, сандық ортада ақпарат жылдам беріледі, шешім де жылдам қабылданады. Алаяқтықтың бұл түрі осы жағынан қиындық тудырады.

Заң тілі не дейді?

Егер қылмыс орын алса, заң не дейді? Ақмола заң консультанттар палатасының заңгері және «Маркизант » заң орталығының орынбасары Барысбек Қуандық бұл мәселенің құқықтық астары өте күрделі екенін айтады.

– Кейінгі кезде Қазақстанда ең ауқымды тарап жатқан мәселенің бірі – интернет алаяқтық. Яғни қылмыстық кодекстің 190 бабының 2-ші бөлімінің 4-ші тармағы. Аталған құқықбұзушылық көбіне жасы үлкен, қарт кісілерге жасалады. Заңнан, қоғамнан тыс ауылда жұмыс істейтін тұлғалар «Kaspi», «Halyk» секілді қосымшаларды пайдаланғанда қиындықтарға тап болады. Алаяқтар осыны пайдаланады. Біздің практикада көп кездескен жайт – абонентке «Сізде поштадан зат келіп тұр» деп оны растау үшін код сұрау. Артынша банк қызметкері болып басқа қызметкер хабарласады. Ол алаяқтық фактісі тіркелгені және оның атынан белгілі мөлшерде несие рәсімделгені туралы айтады. Кейін қаржы полициясының қызметкері ретінде хабарласады. Ақыр аяғында жәбірленуші қалай несие алып беріп жатқанын білмей, алаяқтың «оны өтеу» керек деген сөзіне сеніп қалады. Қазірде қылмыстық баға берілген «дропперлер» бар. Оған қатысты іс қозғалады. Қарапайым тілмен айтқанда, банк шотына белгілі бір суммада қаражат түседі. Олар жәбірленушіге хабарласып, ақшаны қайта аударуын сұрайды. «Бізге аударыңыз, біз жауып тастаймыз» дейді де, ортадағы адамды 4-5 миллионға алдайды. Онымен қоса бастапқы қаражатты да иеленіп, жәбірленушінің мойнына жабады. Дроперлерге Азаматтық кодекстің 453 бабы «Негізсіз ақша-қаражат иелену» заңы бар. Сол бойынша сотқа беріп, азаматтың жәбірленуші деп танылғаны, 10 адамға ақша аударса, сол 10 адамға бөлек жергілікті тұрғылықты мекен- жайы бойынша сотқа беріп, ақшаны өндіруге болады. Ал алаяқ сол күйі табылмай кетеді. Мен бұрын Қызылорда қалалық полиция басқармасында тергеу бөлімінде жұмыс істедім. Сол кезде интернет алаяқтықпен айналыстым. Практикамда көп кездескені – түрмеде отырған азаматтардың осы іске қатысты болуы, – деді заңгер.

Қалай қорғанамыз?

Осы қауіп-қатердің барлығына қарамастан, цифрлық әлемнен бас тарту мүмкін емес. Ең дұрыс шешім – цифрлық гигиенаны сақтау. Осы орайда заңгер Барысбек Қуандық бірнеше ұсыныс айтқан еді.

– Алдағы уақытта үлкен кісілерге, жалғыз тұратын немесе телефонды қолдануда қиындық туындайтын жандарға айтарым, алдағы уақытта сізге қандай да бір азамат немесе белгісіз, сізге қатысы жоқ адам хабарласса ешқандай код айтпаңыздар. Сіз ешкімге ештеңе айтуға міндетті емессіз. Өз құқықтарыңызды біліңіздер. Абай болыңыздар, – деді ол.

Интернет – шексіз мүмкіндіктер мекені, бірақ ондағы қауіп те аз емес. «Ізсіз ұрылар» біздің сенгіштігімізді, қаржылық сауатсыздығымызды және қорқынышымызды өз пайдасына жаратады. Мемлекет тарапынан заңдар қатайып, банктер қауіпсіздікті күшейткенімен, ең мықты қорған – цифрлық сауат.

Смартфон – сіздің үйіңіздің кілті секілді. Сіз үйіңіздің кілтін көшедегі кез келген адамға бермейсіз ғой? Сол сияқты, жеке деректеріңіз бен банк картаңыздың құпияларын да көзіңіздің қарашығындай сақтауыңыз қажет. Алданып қалмас үшін әрқашан сергек болыңыз. Егер сізге күдікті қоңырау түссе, тұтқаны қойып, банктің ресми нөміріне хабарласыңыз. Туыстарыңызбен, әсіресе қарт кісілермен осы тақырыпта сөйлесіп, оларды ескертіп отырыңыз. Қауіпсіз қоғам құру – тек полицияның емес, бүкіл халықтың қолында. Ақпараттық технология дәуірінде ақпаратты билеген емес, ақпаратын қорғай білген адам ғана ұтады.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!