Оралда бес жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Оқыс оқиға бүгін сағат 11:00 шамасында Есқалиев көшесіндегі №227 үйде болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап. 

БҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала ата-ананың қарауынсыз қалып, терезеден құлап кеткен. Баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Дәрігерлердің хабарлауынша, баланың бас миы шайқалып, жабық бас сүйек ми зақымын алған, сондай-ақ, оң жақ иығының буыны шығып кеткен. Баланың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. 

БҚО ТЖД мәліметінше, жазғы демалыс кезінде балалар көбінесе үйде жалғыз қалып, олардың терезеден құлау қаупі жоғарылайды. Әсіресе, бір жастан жеті жасқа дейінгі балалар жиі құлайды. Құтқарушылар балаларды қараусыз қалдырмауға, барлық жиһаздарды терезе алдынан жылжытуға кеңес береді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!