Фото: ашық дереккөзден

Орал қаласының прокуратурасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бюджет қаражаты талан-таражға салынғанын анықтады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокуратура қызметкерлері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінген бюджеттен 50 миллион теңгеден аса шығынды анықтады.

Бұл дерек мүмкіндігі шектеулі адамдарды көлікпен тасымалдау бойынша көрсетілген қызметті тексеру барысында әшкере болған.

«Мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша қызмет көрсететін өнім беруші көрсетілген қызметтердің жалған актілерінде сағат санын және көрсетілетін қызметті алушыларды асыра бағалау жолымен ұсынған, осылайша, бюджет қаражаты негізсіз төленген», – деп жазылған хабарламада.

Материал прокуратура ақпаратын есепке алу кітабында тіркелген және ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!