KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Oreo печеньесі қауіпті, оның кремі «пластикке ұқсас желім», ал өзі «қан тамырларын бітейді» деген әңгімелер тарап жатыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және ғылыммен дәлелденбеген.
Oreo сияқты барлық печенье Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде сатылу үшін міндетті түрде қауіпсіздік талаптарынан өтеді. Ол талаптарда өнімнің құрамы, қауіпсіздігі, таңбалануы, сақтау мерзімі мен өндіруші туралы толық ақпарат болуы керек.
— 2025 жылы арнайы тексеріс кезінде Oreo печеньесінің үлгілері зертханада тексерілген. Нәтижесінде оның құрамынан денсаулыққа қауіпті ештеңе табылмаған, микробтар мен зиянды заттар анықталмаған. Қаптамадағы ақпарат та барлық талапқа сай болған, — делінген хабарламада.
Сондықтан комитет азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді дереккөздерден алынған жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерде жарияланған тексерілген ақпаратты басшылыққа алуға шақырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
