Табиғаттан қол үзу де – бір қайғы.
Күйбең тірлік қызығыңды ұрлайды,
Банкеттегі хрустальдің сыңғыры
Жапырақтың сыбдырына тұрмайды.
Жырға құмар көмекейім сырнайлы
Газды суды ішсем болды – құрғайды.
Шоколадтың ең тәуірі
Тоғайдан
Теріп жеген бір жидекке тұрмайды.
Он флакон әтіріңіз
Бір уыс
Көк жусанның жұпарына тұрмайды!
Руль емес, мына маған бер қамшы.
Мен боп саған айтар сырын бар малшы.
Қайта туу мүмкін емес,
Егерде
Қайта тусам,
Болар едім орманшы!..
Қадір ақынның бұлай толғануының да өзіндік сыры бар. Мұны неге айтты дерсіз… Қазан айының үшінші жексенбісі елімізде табиғатты қорғау саласындағы маңызды кәсіби мерекелердің бірі – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді.
Бұл күн – табиғаттың төл перзенттері, орманды көзінің қарашығындай сақтап, жасыл желекті кеңейтуге өмірін арнаған азаматтардың еңбегін ұлықтайтын ерекше мереке. Осындай азаматтардың бірі – Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Асылан Берікұлы.
Табиғатты аялау, орманды қорғау – жүрек қалауынан туған таңдаулардың бірі. Асылан бала кезінен ауылдағы орман шаруашылығында еңбек етіп жүрген ағаларының жұмысын қызыға бақылап өскен. Табиғатпен етене араласқан сол сәттер оның болашақ өмір жолын айқындап берді. «Ағаш отырғызған адам – болашаққа үміт егеді» деген ұстаныммен ол мектепті тәмамдаған соң Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетінің орман шаруашылығы факультетіне оқуға түсіп, 2020 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Сол жылы еңбек жолын Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында бас маман болып бастаған.
Бүгінде жас әрі бас маман өз ісіне шын беріліп, туған өлкенің орман байлығын сақтау жолында табанды еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, орман шаруашылығы саласының басты міндеті – орманды қорғау мен сақтау, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру, орман өсімдіктерінің өсімін арттыру және ондағы жануарлар мен құстардың мекенін қорғау. Бұл – жай ғана жұмыс емес, табиғат алдындағы аманат, ұлт алдындағы борыш санайды.

Жас маманнан орман шаруашылығы қызметкерлерінің бір күні қалай өтетіні хақында және бұл жұмыстың ең қызықты әрі ең қиын тұстары жайлы сұраған едік.
– Негізінен орманшының бір күні орман қоры жерлерін аралаумен өтеді. Орман алқаптарын аралау кезінде күнделікті табиғи құбылыстарды бақылауға аламыз. Орман ағаштары мен бұталарының жай-күйі қадағаланады. Табиғи ортадағы тіршілік иелерінің бір-бірімен қатынастарын бақылау орман шаруашылығы саласындағы ең қызықты жайт. Ал ең қиын тұстары жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында шалғай жерлердегі орман алқаптарын аралау, – дейді ол.
Асыланның пікірінше, орман саласында еңбек етудің артықшылығы – табиғаттың ортасында болу, таза ауамен тыныстап, табиғи сұлулықтан қуат алу. «Табиғат – адам жанының айнасы. Орман арасында жүрген адам сабырлы, төзімді әрі мейірімді болуға үйренеді» дейді ол.
Қызылорда өңірі – климаты шөлейтті, өсімдіктер сирек өсетін аймақ. Сондықтан орманшылардың еңбегі мұнда айрықша жауапкершілікті талап етеді. Асылан сияқты жас мамандар еңбегінің арқасында кейінгі жылдары өңірде орман алқаптары кеңейіп, көшет егу ісі қарқын алып келеді. Көктем мен күз айларында өтетін ағаш отырғызу акцияларына жергілікті тұрғындар мен еріктілер белсене қатысып, табиғатты қорғау ісіне өз үлесін қосуда.
– Киматтың орман алқаптарына әсері жоғары. Өңіріміздің климаты өте контениталды, жазы ыстық, қысы суық, жыл мезгілдерінде климат тез өзгеріп отырады. Осы орайда өңіріміздегі ағаштар мен бұталар, өсімдіктер жамылғысы, сондай-ақ жан-жануарлар осы қатал климаттық жағдайларға бейімделген. Атап айтар болсақ, тораңғыл, сексеуіл, жиде, жыңғыл, шеңгел, құмқараған, қарабарақ, жүзгін тәрізді бұталар табиғи түрде өсетін болса, қылқан жапырақты ағаштардан шығыс бозаршасы, Түркістан туясы және жапырақты ағаштардан терек, қарағаш, үйеңкі, шаған, қараған, сәнағаш, айлант ағаштары және жеміс ағаштарынан алма, өрік, шие ағаштары өңіріміздің климаттық жағдайларына жақсы бейімделген.
Елді мекендер мен қалаларда ағаш отырғызу жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл іске тұрғындардың өздері де үлкен қызығушылықпен қатысады. Себебі әрбір егілген ағаш – туған жерге жасалған игі іс, – дейді маман.

Сондай-ақ ол қазіргі жастардың экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанын атап өтті. «Қала көшелерінде бей-берекет тасталған қоқыс азайып, табиғатты таза ұстауға деген жауапкершілік күшейген. Бұл бағытта экологиялық тәрбиені бала жастан қалыптастырудың маңызы зор. Жастардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруды балабақшадан бастау керектігін және әр балаға табиғаттың қадірін түсіндіру – қоғамның ортақ міндеті» дейді ол.
Кейіпкерімізден орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде, сондай-ақ ағаштарды заңсыз кесу және табиғатты бұзу фактілерімен сала мамандары қалай күресіп жатқаны жайында сұрадық.
– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бойынша, бірінші кезекте заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Заң бұзушылықтың алдын алу бағытында үгітнасихат, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Заңсыз ағаш кесу деректері анықталған жағдайда орман қоры келтірілген залалының мөлшері 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса құжаттар жинақталып, тиісті әкімшілік шара көру үшін сотқа жолданады. Заң бұзушының кінәсі дәлелденген жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы жылғы көрсеткішке сәйкес айыппұл мөлшері 393 200 теңгені құрайды. Осы ретте заң бұзушылықтың жолын кесу бағытында рейдтік шаралар тұрақты жүргізіліп келеді, – дейді Асылан Берікұлы.
Орман – елдің байлығы, тынысы мен тіршілігінің кепілі. Таза ауа, су қоры, климат тұрақтылығы мен экожүйе тепе-теңдігі – бәрі орманмен тікелей байланысты. Сондықтан орманды қорғау, орман алқаптарын молайту – тек бір саланың ғана емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті. Десе де осы саланың нағыз маманы болғысы келетін жасқа қандай кеңес беру қажет? Жас мамандарды осы салаға тарту үшін не істеу керек? Осынау сауалымызға ол:
– Орман шаруашылығы маманы болу үшін бірінші кезекте табиғатты аялап, орман ағаштарының жай-күйін түсіне білу керек. Бұл салаға жастарды тарту үшін мектептерде арнайы экологиялық пәндерден дәрістер оқыту, сондай-ақ «Жас орманшылар» ұйымын, мектеп орманшылығын ұйымдастыру қажет, – деп жауап берді.

Асылан Тамшыбайдың алдағы арманы – өңіріміздің қатал климатын жұмсартып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосу. Ол Қазақстанды орманы мол елдер қатарына қосуға атсалысуды өзінің кәсіби әрі азаматтық парызы деп біледі.
– Арманым – жасыл желегі мол, тынысы кең Қазақстанды көру. Табиғатты аялау – болашақ ұрпаққа жасаған ең үлкен жақсылығымыз, – дейді ол.
Иә, табиғаттың тынысын сақтап, орманды қорғау – оңай іс емес. Бұл – төзім мен табандылықты, жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін мамандық. Сол себепті орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық.
Қазақстан аумағының шамамен 5 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Елде орманды қорғау және көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті орман шаруашылығы мекемелері жас көшеттер отырғызып, өрттің алдын алу, заңсыз ағаш кесуге тосқауыл қою бағытында тұрақты шаралар атқарып келеді.
Орман шаруашылығы қызметкерлері – ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар. Олар жылдың төрт мезгілінде де табиғат аясында жүріп, орманды бақылап, ағаш егіп, жануарлар дүниесін қорғаумен айналысады. Әсіресе жазғы өрт қаупі жоғары маусымда олардың жауапкершілігі еселене түседі.
Жоғарыда атап өткендей, осынау мереке күні еліміздің барлық өңірінде орман саласы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік мамандар марапатталады. Табиғатты аялау мен жасыл желекті сақтау жолында адал қызмет етіп жүрген орманшылардың еңбегі – ерен, еңсесі – биік.
Табиғатқа жанашыр, туған жерге адал жас маманның әр ісі – келешек ұрпаққа үлгі. Осындай азаматтардың арқасында еліміздің орман қоры ұлғайып, табиғат байлығы көздің қарашығындай сақталып келеді. Себебі орманды қорғау – туған жерді қорғау. Сондықтан әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарап, жасыл ағаш отырғызудан тартынбауы керек. Бүгін еккен ағаш – ертеңгі ұрпақтың саясы екенін естен шығармайық!
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!