Бүгінде Астананың тыныс-тіршілігін қоғамдық көліксіз елестету мүмкін емес. Автобустар жолаушылар тасымалының негізгі жүгін арқалап отыр. Қазір елордадағы тоғыз автобус паркінде 2,3 мыңнан астам жүргізуші жұмыс істейді. Алайда маман тапшылығы әлі де өткір. Бұл туралы қаланың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында айтты.

Қазіргі таңда елордада жолаушылар тасымалымен айналысатын 9 автобус паркі бар. Оның біреуі – коммуналдық, ал қалған сегізі – жекеменшік кәсіпорындар. Жолаушы тасымалына тартылған автобустардың жалпы саны 1 648 бірлікті құрайды, соның ішінде 705 автобус 2023 жылдан бастап сатып алынған. Соған қарамастан, кейбір бағыттарда автобустар жетіспейтіні байқалады.

«Қолда бар автобустар жолаушылар ағынына, бағыттардың жүктемесіне және қызмет көрсетілетін аумақтардың құрылыс тығыздығына сәйкес бөлініп отыр. Автобустардың саны жаңа жылжымалы құрам тасымалдаушылар тарапынан кезең-кезеңімен жеткізіліп отыруына қарай біртіндеп көбейтіледі», – деп сендірді басқарма.

Жұмыс күндері желіге 1 223 автобус шығады, олар қалаішілік және қала маңындағы бағыттарда қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік орта есеппен күн сайын 750-800 мың жолаушы тасымалдайды екен.

Көлік жүйесінің маңызды буыны – жүргізушілер. Қазір автобус парктерінде 2 324 жүргізуші жұмыс істейді. Алайда жүргізуші тапшылығы әлі бар, дейді көлік басқармасы.

Елордалық жүргізушілердің орташа жасы 35-39 жасты құрайды және олардың арасында әйелдер де бар. Ал олардың орташа жалақысы 600-700 мың теңге шамасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!