Фото: Мемлекеттік органдардың ресми сайты / GOV.KZ
SmartNews.kz. Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсауылығы жарамды ел азаматтары міндетті түрде әскерге шақырту алады. Сондай-ақ, шақырту алған әрбір азамат Ата заңға сәйкес Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзетуге, адал борышын атқаруға ант береді.
Десе де, «армия» дегенді естігенде ат тонын ала қашатындар да аз емес. Бірі – қала кезіп жұмыста жүр, біреуі – оқуын жалғастыруда. Ал, енді бірінің – батылдықтан гөрі қорқынышы басым. Бірі – үйінің жалғызы, енді бірі – асыраушысы.
Қазіргі таңда ерлердің басым көпшілігі әскери борышын өтемеу үшін түрлі әдістер ойлап табады. Оның ішінде отбасылық жағдай, медициналық қарсы көрсетілім, психикалық ауытқу, оқу орнынан анықтама сияқты түрлі жолдарды қарастыруда. Бұл әскер алдындағы үрей бекерден емес екені анық.
Соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл туралы Сенатта өткен жиын барысында Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары мәлім етті.
«Әскери қызметкерлердің өлімінің ең көп тараған себебі әртүрлі аурулар. Соңғы статистика бойынша 36%-ы ауыр сырқаттан көз жұмса, 24%-ы жол-көлік оқиғаларынан, 20 пайызы өз өмірін суицидпен аяқтаған. 2020 жылы 78 әскери қызметкер, 2021 жылы 96 адам, 2022 жылы 85 адам, биылғы жылдың басынан бері 11 әскери қызметкер қаза тапқан», – дейді Мақсат Қазиев.
Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Қазақстан армиясындағы шабуылдан қаза болғандар әскери өлімнің 1 пайызын құрайтынын атап өтті.
Әскери прокурордың бірінші орынбасары сарбаздар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі Қорғаныс министрлігі үшін өзекті мәселе екеніне тоқталды.
Ол Қазақстанның ересектер арасындағы суицид саны бойынша әлемнің 20 елінің қатарына кіретінін еске салды. Жасөспірімдер арасында – үздік үш елде. Атап айтқанда, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде 17 631 суицид және 21 332 суицид әрекеті тіркелген. Яғни, 10 мың тұрғынға бөлгенде оның 9-ы суицид және 11-і суицид әрекеті бойынша тіркеледі.
«Оның ішінде әскерде 86 суицид өлімі және 20 әрекеті орын алған, яғни 10 мың әскери қызметкерге бөлгенде 6 суицид және бір әрекет. Демек, әскерде өз-өзіне қол жұмсау жиі болады деген қоғамдық пікір ресми деректермен расталмайды», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов.
Статистикадан бөлек соңғы жаңалықтар бойынша:
1. 7 қыркүйекте Маңғыстау облысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының оқу-жаттығу жиынында офицер тапаншамен ойнап жүріп, абайсызда сарбазды атып өлтірді.
2. Алматыда Құрлық әскерлерінің Әскери институтының аумағынан 44 жастағы сержанттың мәйіті табылды. Бастапқы мәлімет бойынша, ер адам турникке асылып өлген.
3. Ұлттық ұланның 22 жастағы сарбазы Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде жарты жыл қызмет еткеннен кейін, күтпеген жерден комаға түсті. Ресми нұсқа бойынша, ол дәретханаға құлап, басын соққан. Алайда, туыстары бұған сенбейді, өйткені жай құлағаннан кейін желке сүйегінің сынуы, ісіну, мидың ісінуі және фронто-париетальды-уақытша аймағының жедел субдуральды гематомасы болуы мүмкін емес.
Осы сияқты күнделікті дене-түршігерлік ақпараттар жетіп жатыр. Өткен жылы сенат депутаты Геннадий Шиповских сарбаздардың өлімі үшін әскери бөлім басшыларын түрмеге жабуды талап еткен болатын.
«Егер облыста мұндай жағдай орын алып, солдат қайтыс болған немесе мүгедек болып қалған болса, менің жеке пікірім бойынша, мұндай бөлімшелердің бірінші басшылары жауапқа тартылып, бұл іс тіпті сотқа дейін жетуі керек. Сонда ғана бізде тәртіп болады», – деген еді депутат.
Қазақстандық адам құқықтары бюросының заңгері Инга Иманбайдың айтуынша, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мұндай оқиғаларды тергеуге жол бермеу үшін барын салуда.
«Өлім, мүгедектік жағдайлары көп, бірақ қатысты генералдың түрмеге түскені, майордың сотталғаны немесе лейтенанттың жауапқа тартылғаны туралы хабар жоқ. Барлық жағдайда олар істі жабуға тырысады», – дейді Инга Иманбай.
Қазақстандағы әскери қызметкерлер арасындағы суицид мәселесі терең талдауды және жүйелі шараларды қажет етеді. Қорғаныс министрлігінің күш-жігеріне және «Өмірді құтқару» бағдарламасының іске қосылуына қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де орын алуда. Әскерге шақырылғанға дейін жастардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту ғана емес, сонымен қатар сарбаздар қызметте өзін қолдау мен қауіпсіздікте сезінуі үшін ашықтық мәдениетін дамыту маңызды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!