Отбасы – қоғамның маңызды бірлігі. Оның берік негізі – өзара түсіністік, сүйіспеншілік, құрмет, және адалдық сияқты құндылықтарға негізделген. Бірақ кей жағдайда отбасы ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін отбасы құндылықтарын нығайтып, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік шараларды қабылдау өте маңызды. Осы тақырып аясында арнайы сала мамандарының қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы өтті.
Өткен жылдан бері аталған тақырып төңірегінде көптеген мәселе көтеріліп, оң шешімін тауып келеді.
– Зорлық-зомбылық – бір қоғамның немесе жеке мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің басты мәселесіне айналған сұрақ. Себебі, отбасында жасалатын зорлық-зомбылық қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне, тікелей әсер етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін құқық бұзушыларға жаза бірнеше рет қатаңдатылды. Қазір Полиция жәбірленушінің арызынсыз құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғайды. Сотта татуласуға бір-ақ рет мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, сот шешімімен берілетін жазалардың санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды. Облыс бойынша полицияға келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулардың саны төмендеді, – деді Қызылорда облысы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Рауан Альдешов.
Соңғы жылдар ішінде осысалада заңнамалық өзгерістерден бөлек басқа да бірқатар шаралар іске асырылды.
– «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес жергілікті жерлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы нормалары мен қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Аталған орталықтар облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудандарда ашылып өз қызметін көрсетуде. Бұл орталықтар отбасының цифрлық картасы негізінде дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолайлы санаттарға ауыстыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері 6 мыңға жуық адамға түрлі бағыттағы қолдау көрсетілді, – дейді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева.
2017 жылдан бастап облыс орталығында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын «Қамқорлық» орталығы қызмет атқарып келеді.
– Елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акция- сы» өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесуі. Осы 16 күн ішінде әйелдерге және балаларға қатысты қысымды болдырмаудың жолын іздеп, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы халыққа кеңінен хабардар ету мақсатында жергілікті тұрғындарға кеңінен түсіндіріледі. «Қамқорлық» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолданыстағы стандартқа сәйкес орталықта 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Тоқсан сайын орталықтан қызмет алушыларға және қызмет алып шыққандарға мониторинг жасалады. Жыл басынан барлығы 184 адам қызмет алған. Қазір орталықта 8 ана, 29 бала барлығы 37 адам бар, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі қылмыс және оған төзбеушілік көзқарас қалыптастыру кез келген қоғам мүшесінің міндеті.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!