Отбасы – адамзат қоғамының ең көне әрі ең киелі құндылығы. Қазақ үшін отбасы ұғымы тек қана бір шаңырақ астында тұратын адамдар жиынтығы емес, ол – ұлттың ұстыны, тәрбиенің тамыры, болашақтың бағдары. «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөздің астарында үлкен философия жатыр. Қай кезеңде болсын отбасының беріктігі елдің бірлігімен, қоғамның тұрақтылығымен тікелей байланысты болды. Алайда уақыт алға жылжыған сайын, жаһандану, урбанизация, ақпараттық ағын отбасы институтына өз әсерін тигізбей қоймады. Бүгінде отбасы құндылықтарының әлсіреуі, ажырасудың көбеюі, жалғызбасты өмір салтын таңдаған жастардың артуы адамзаттың басты қатеріне айналып келеді. Мұндай өзгеріске не себеп? Мақалада саралап көреміз.
Бұрынғы қазақы отбасы – ынтымақ пен бірліктің, сабыр мен сыйластықтың мектебі еді. Әр шаңырақта үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасы темірқазықтай берік тұрды. Атаның сөзі ақыл, әженің өсиеті өмірлік бағдар болды. Бір үйде бірнеше ұрпақтың қатар өмір сүруі баланың мінезін қалыптастырып, дүниетанымын кеңейтетін.
Қазақы отбасында материалдық байлықтан бұрын рухани байлық жоғары қойылды. Мал-мүлік – қолдың кірі, ал ар-намыс, ұят, обал-сауап ұғымдары – тәрбиенің өзегі болды. Қыз баланы «жат жұрттық» деп тәрбиелеп, ибалы, инабатты болуға баулыса, ұл баланы шаңырақ иесі, ел қорғаны болуға әзірледі. Отбасы ішіндегі дау-дамай да ақылмен, сабырмен шешіліп, «оттың басы, ошақтың қасы» қасиетті орын саналды. Осындай құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ қоғамына төнген қауіптерге тосқауыл болды. десе де бүгінгі жағдай бөлек.
Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер
Әке – отбасының тірегі, шаңырақтың уығы. Қазақ ұлтының түсінігінде әке тек асыраушы ғана емес, тәртіптің, әділдіктің, жауапкершіліктің символы. «Әке тұрып, ұлы сөйлемес» деген сөз әкенің беделін, отбасы ішіндегі орнының биіктігін аңғартады. Әке баласына сөзімен емес, ісімен үлгі көрсетті. Бұрын «әкең келе жатыр» дегенді естіген әр бала оның мысын, отбасыдағы орнын бір сәтте еске алушы еді…
Қош… Бүгінгі әкелер қандай? Бұл сұрақтың тамыры терең, ал жауабы уақыт өткен сайын қайғылы болып барады. Неге? Қазір отбасы түгілі, өз басын алып жүре алмайтын талай азаматтың үйленіп, үй бола алмағанының куәгеріміз. Не жарына, не баласына ие бола алмаған ер көбейсе, қалай ел боламыз?
Әкесіз немесе әкенің ықпалын сезінбей өскен бала ертең қоғамда да өз орнын табуда қиналады. Өйткені ол жауапкершіліктің не көмегін, не салмағын толық сезінбейді.
Ана – отбасының жүрегі, мейірімнің мекені. Қазақ «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деп ананың орнын айрықша бағалаған. Ол баланың алғашқы ұстазы, алғашқы тәрбиешісі. Оның әлдиі, ақ сүті, мейірімі баланың жан дүниесін қалыптастырады. Ана бар жерде жылулық бар, береке бар.
Ананың отбасыдағы рөлі тек үй шаруасымен шектелмейді. Көпшілік осы тұрғыда қателеседі. Ананы «келін» статусында ғана қабылдап, оның да әйел екенін естен шығарамыз. Кейін оның гүл шоғындай солы күйінде табамыз. Ол – отбасының ішкі үйлесімін сақтаушы, татулықтың дәнекері. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік те көбіне ананың парасатына байланысты. Бала ананың көзінен өмірді көреді, оның сөзінен әлемді таниды. Сондықтан ананың психологиялық жай-күйі, қоғамдағы орны, қадір-қасиеті отбасының болашағына тікелей әсер етеді. Қазіргі қоғамда ананың жүктемесі біршама артты: ол әрі ана, әрі қызметкер, әрі қоғам мүшесі. Осы тепе-теңдікті сақтау – бүгінгі отбасы үшін үлкен сын. Біз анадан алуды білеміз, десе де қолдау беруге де міндеттіміз.
Әке мен ана – отбасы кемесін алға сүйрейтін қос ескек. Бірі әлсіресе, кеме теңселеді. Отбасындағы тепе-теңдік, үйлесім осы екі тұлғаның өз рөлін дұрыс атқаруына байланысты. Әке қаталдық пен тәртіпті, ана мейірім мен жылылықты үйлестіре алғанда ғана бала толыққанды тұлға болып қалыптасады.
Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Қазір үйлену де, үй болу да бұрынғыдай оңай емес. Статистика мәліметі бойынша, Қазақстан ажырасу бағытында антирекорд орнатқан елдердің қатарына кіреді. Ажырасудың себебі көп. Екі жастың арасына түсетін үшінші тұлғалар, ата-ана, әлеуметтік қысым, материалдық талаптар жас отбасының іргесін шайқалтады. Әлі оңы мен солын танымаған, жай албырт сезімге ерік беріп, «осылай үй болып кетеміз» деп шаңырақ құрып қателескендерді көзбен көріп жүрміз.
Той жасау, несие алу, қарызға бату – жас отбасының мойнына артылатын тағы бір ауыр жүк. Тойдан кейінгі шығын, тұрмыстық қиындықтар махаббаттың шоғын суытып, ұрыс-керіске ұласады. Бұған қоса, бір-біріне адал болмау, сенімнің жоғалуы – ажырасудың басты себептерінің бірі. Сенім кеткен жерде сыйластық та ұзаққа бармайтынын жастар кеш байқайды.
Сол себепті кейінгі жылдары жалғызбасты және үйленуге құлқы жоқ жастардың қатары артты. Бірі мансапты, бірі еркіндікті алға тартады. Десе де бұл таңдаудың артында жай ғана жауапкершіліктен қашу тұрғанын айтпаса да білеміз. Өкінішті… Жұрттың сәтсіз тәжірибесі, қоғамдағы ажырасу статистикасы жастардың санасына үрей ұялатады. Жалғыздық басында жауқазындай көрінгенімен, жастық шақтың мәңгілік болмайтынын естен жиі шығарамыз. Ал жасың келгенде жалғыздықтың салмағы ауыр болары бесенеден белгілі.
Тәрбие – тал бесіктен
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесінде еркіндік пен жауапкершіліктің ара-жігін жиі шатастырамыз. Автобусқа үлкен кісі мінсе, жасөспірімнің «мен де ақша төледім, неге тұруым керек?» деген сөзі кейде қалыпты құбылыс ретінде қабылданады. Одан да сорақысы, мұндай жағдайда кей ата-ана баласын жөнге салудың орнына, қорғаштайды. Тіпті қасарысып отыратындарды да көргенбіз. Ұят-ай…
Сол сияқты мектеп қабырғасында мұғалімге қарсы сөйлеу, тәртіпке бағынбау туралы да әлеуметтік желіден жиі көріп жүрміз. Оқушының ғана емес, ата-ананың да мұғалімге талап қоюы, жағдайды толық түсінбей жатып, бірден арызданып шығатынын қайтерсің!? Бұрындары ата-аналар «мектеп – екінші үйің, ал мұғалім – екінші анаң» деп тәрбиелелейтін. Ал қазір бұл көрініс келместің кемесіне мініп кеткен секілді.
Үлкенді сыйлау, сөзін бөлмеу, қарсы келмеу – қорқыныштан туған тәртіп емес, мәдениеттің өлшемі. Бұрын «ұят болады» деген бір ауыз сөз талай теріс қылықтың алдын алды.
Жас отбасы балаға бәрін рұқсат ету арқылы оны бақытты етемін деп ойлайды. Бірақ рұқсат пен тәрбие тең емес. Үлкенді сыйлауды үйретпеген ата-ана ертең өзі де сыйлы болмауы мүмкін. Сол себепті тәрбиені осы бастан қолға алып, ақ пен қараның аражігін ажырата білгеніміз жөн.
Қоғамдағы тағы бір мәселеге зер салсақ, ата-ана ажырасқан кезде ортақ бала көбіне екі оттың ортасында қалады. Әке мен ананың бөлек өмірі баланың психологиясына ауыр соққы болып тиетіні айдан анық. Бірі материалдық жауапкершілікті, бірі тәрбиелік жауапкершілікті толық атқармай жатады. Ал бала үшін ең маңыздысы – ата-ананың толыққанды махаббаты мен тұрақтылығы. «Ортақ бала – ортақ жауапкершілік» екенін ұмытпау міндетіміз. Егер мұндай жауапкершілікке дайын болмасаңыз, ерте бастан қамдану керек.
Өмірде бәрі басқаша…
Қазір әлеуметтік желідегі түрлі коуч, сертификатталмаған психолог, блогер отбасы тақырыбында ақыл айтқыш. Себебі бұл «өлмейтін тақырып» һәм қоғамның басты триггері. Әркім өз оқиғасымен бөліседі, құдды мәселе солардың тәжірибесімен шешілетіндей.
Есіңізде болсын! Әлеуметтік желідегі «үлгілі отбасының» кадрдан тыс өмірі мүлде бөлек. Бәріне бірдей сене беру – ағаттық. Шынайы өмірде отбасы – өзара түсіністік пен кешірімнің арқасында берік болады. «Ұнамаса – ажырас, түсінбесе – елемей қой, араларыңа адам түсті ме – кетіп қал. Өзіңді бәрінен биік қой!» деп эгоистік көзқарасты алға тартатындардан аулақ болыңыз. Себебі бұл өмірде мінсіз адам жоқ. Атап өткендей, түсіністік таныта білу, бір-біріңді есту – міне, мәселенің шешімі.
Жастар интернеттегі жалған идеалға қарап, өз отбасын салыстырады, көңілі толмайды. Нәтижесінде түсініспеушілік туындайды. Сондықтан ақпаратты сүзгіден өткізіп, әр кеңеске сын көзбен қарай біліңіздер.
Тілші түйіні. Отбасы институтының әлсіреуі – бір күнде пайда болған құбылыс емес. Ол – ұзақ жыл бойы жиналған әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлардың нәтижесі. Бұл мәселені шешу үшін біз бұрынғы қазақы құндылықтарға қайта үңілуіміз керек. Отбасы – махаббат пен жауапкершіліктің, сабыр мен сыйластықтың ошағы екенін ұмыт қалдырмайық. Жоғарыда атап өткендей, жылтырағанның бәрі алтын емес. Отбасыны мемлекет те, заң да, әлеуметтік желідегі коуч та сақтап қала алмайды. Оны сақтайтын – әке мен ананың санасы, сабыры мен сыйластығы. Қоғам түзелсін десек, өзімізден бастайық. Өз құндылықтарымызды арттырып, жауапкершіліктің салмағын сезінейік.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!