Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Сондықтан мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізуді жүйелі жалғап келеді. Бүгінгі мерейлі күннің мереке ретінде белгіленуі соның айғағы.
Елімізде Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2030 жылға дейін қабылданған. Ол 3 кезеңде жүзеге асады. Деректерге сүйенсек, бұған дейін отбасы саясатын зерттеу саласында институционалды база құрылып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасы әзірленген және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді, пилоттық режимде отбасылық соттардың қызметі қамтамасыз етілді. Бұған қоса отбасылық және гендерлік саясат саласындағы гранттық жобаларды іске асыру басталды. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарын трансформациялау үшін нормативтік база құру жұмысы да жүргізілген.
Тұжырымдаманың екінші кезеңі бойынша ер мен әйелдің өмір сүру ұзақтығының гендерлік алшақтығы 2020 жылға қарай 8,5 жылды құрау керек болған. Нәтиже бойынша айырмашылық 8,44 жасты құраған. Бұл жоспар толық орындалғанын көрсетеді. Сондай-ақ тіркелген некелердің ішінде ажырасу көрсеткіші 32 процентті құрау керек болса, жауапты ведомствоның ақпаратына сенсек, бұл көрсеткіш 37,2 процентті көрсеткен. Бұл ретте Қызылорда облыстық азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасы ұсынған мәліметке тоқталсақ. 2022 жылы 1643 азамат некесін қиған, оның 340-ы ажырасумен аяқталған. Ал биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 340 қызылордалық некеге өтініш берсе, оның 43-інің дәм-тұзы жараспай, екі жаққа кеткен.
Ендігі кезекте тұжырымдамадағы әйелдер мен балаларға қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайту көрсеткішіне келсек, мұнда жоспардағы 20 проценттен 22,2 процентке төмендеді деген статистика бар. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алып тұрғаны мәлім. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар мен балалар. Ал мемлекет үшін әйел-ана мен жас ұрпақты қорғау ерекше мәселе. Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша өңірлік 102 нөміріне жанұя жанжалы бойынша күніне 20-25 шақты қоңырау түскен. Бір тәулікте 24 сағат бар десек, сағат сайын 1 қоңырау, 1 отбасылық жанжал. Оның ішінде «зорлық-зомбылық» санатына кіретін ұрып-соғу, күш қолдану, сонымен қатар ер азаматтардың мас күйінде отбасы шырқын бұзу жағдайлары көптеп кездеседі.
Маңызды мәселеге қатысты Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауды шегелеп тапсырған болатын.
«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау керек», – деді Президент.
Енді отбасында зорлық-зомбылық жасағандар жауапкершіліктен ескерту алумен немесе айыппұлмен құтылып кете алмайды. Тіпті жәбірленуші полицейлерге арыз бермесе де, оған зардап тигізген жан жауапкершілікке тартылады. Куәгерлердің, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса тәртіп сақшылары бірден хаттама толтырады. Осы секілді тұрмыстық жанжалға байланысты әкімшілік және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр.
Жалпы, елдегі отбасылық-демографиялық ахуал, отбасындағы ана мен бала қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артуы, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесімен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан құрылған «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссия» айналысады. Үкіметке жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойып келеді.
Дегенмен, әр отбасында баланың өміріне ең алдымен ата-анасы жауапты. Ата-ана өмірге әкелген баласының болашағына жауапкершілік алып, оның денсаулығының жақсы болуына, біліміне, тәрбиесіне, баланың қоғамның сапалы мүшесі болуына қолынан келгенше жағдай жасауға міндетті. Оның үстіне мемлекет мерейінің биік болуы – қашан да отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты екені даусыз. «Отан отбасынан басталатынын» ескерсек, алдымен Отанды қорғайтын отбасы мықты болуы шарт. Ол үшін отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандыру, үлгілі жанұяларды насихаттау жұмысы жүйелі жалғасын табады.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!