Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер отбасылық қатынастар жүйесіне де елеулі ықпал етуде. Дәстүрлі қазақ отбасында ер адам асыраушы, ал әйел үй шаруасы мен бала тәрбиесіне жауапты тұлға ретінде қабылданып келсе, бүгінгі таңда бұл түсініктер біртіндеп өзгеріп, жаңа мазмұнға ие болуда. Отбасындағы гендерлік рөлдердің трансформациясы – заман талабынан туындаған табиғи үдеріс.

Бүгінде әйелдер білім алып, кәсіби салада белсенділік танытып, экономикалық тәуелсіздікке ұмтылуда. Бұл жағдай олардың отбасындағы шешім қабылдау үдерісіне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Ал ерлер үшін әкелік жауапкершіліктің мәні кеңейіп, бала тәрбиесіне араласу, тұрмыстық міндеттерді бөлісу қалыпты құбылысқа айналуда. Мұндай өзгерістер отбасы ішіндегі өзара түсіністік пен серіктестік қағидатын нығайта түседі.

Сонымен қатар, гендерлік рөлдердің жаңаруы кейбір әлеуметтік қайшылықтарды да тудыратыны жасырын емес. Дәстүрлі құндылықтар мен заманауи талаптар арасындағы үйлесімділік мәселесі көптеген отбасылар үшін өзекті болып отыр. Бұл ретте басты мәселе – рөлдердің ауысуында емес, ер мен әйелдің өзара сыйластық пен тең мүмкіндіктерге негізделген қарым-қатынасты қалыптастыруында.

Сарапшылардың пікірінше, отбасындағы жаңа тепе-теңдік қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды факторы саналады. Ер мен әйелдің әлеуетін тең дәрежеде іске асыруы тек отбасының емес, тұтас қоғамның дамуына оң әсер етеді. Осылайша, қазіргі отбасы дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, гендерлік серіктестікке негізделген жаңа үлгіге қадам басып келеді.

Сондықтан да, қазіргі қоғамда отбасы ұғымы бұрынғыдан әлдеқайда көпқырлы, күрделі сипатқа ие болып отыр. Уақыт, технология, әлеуметтік орта, мәдени ықпалдар – бәрі де отбасы институтына өз әсерін тигізуде. Бірақ, бір нәрсе өзгермейді: отбасы  – адамның өмірінің ең басты тірегі, рухани және әлеуметтік құндылықтардың бастауы.

Отбасындағы гендерлік рөлдердің өзгеруі демографиялық үрдістерден де айқын көрініс табуда. Соңғы жылдары Қазақстанда неке қию деңгейінің төмендеуі байқалады: егер 2013 жылы әр 1 000 адамға шаққанда 9,9 неке тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,7-ге дейін азайды. Сарапшылар мұны жастардың некеге тұруды саналы түрде кешіктіруімен, білім алу мен кәсіби қалыптасуға басымдық беруімен, сондай-ақ отбасылық жауапкершілікті жаңаша түсінуімен байланыстырады. Бұл үрдіс ер мен әйелдің дәстүрлі рөлдерінен гөрі серіктестікке негізделген қарым-қатынасты таңдауға ұмтылысын көрсетеді.

Сонымен қатар, ажырасу көрсеткіштерінде де біршама тұрақтану байқалады. Соңғы бес жылда елімізде ажырасулар саны шамамен 16 пайызға төмендеп, 2020 жылғы 48,2 мыңнан 2024 жылы 40,5 мыңға дейін азайған. 2025 жылдың алғашқы алты айында тіркелген 21 531 ажырасу да өткен жылдармен салыстырғанда күрт өсімнің жоқ екенін аңғартады. Бұл деректер отбасылық қатынастардың сапалық тұрғыда өзгеріп жатқанын, некеге саналы көзқарас пен өзара жауапкершіліктің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, қазіргі отбасы тек әлеуметтік институт ретінде ғана емес, гендерлік теңдік пен өзара серіктестікке негізделген жаңа мәдени модель ретінде қалыптасып келеді.

Отбасындағы гендерлік рөлдердің трансформациясы мен некеге көзқарастың өзгеруі Қазақстандағы ажырасу көрсеткіштері төңірегіндегі қоғамдық пікірмен де тығыз байланысты. Кейбір халықаралық рейтингтерде Қазақстан ажырасу деңгейі жоғары елдер қатарына енгізіліп жүр. Әлемдік салыстырмалы деректерге сүйенсек, елімізде ажырасу деңгейі шамамен 4,6 адамға 1 000 тұрғыннан келеді деген мәліметтер бар, бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден екі есеге жуық жоғары деп бағаланады. Осындай салыстыруларда Қазақстан Мальдив аралдарынан кейінгі алдыңғы орындарда аталып, Ресей, Беларусь және Бельгия сияқты елдермен қатар көрсетіледі.

Алайда бұл деректерді біржақты қабылдауға болмайды. Ресми ұлттық статистикаға сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу коэффициенті 2,01-2,27 / 1 000 адам аралығында тіркеліп, біртіндеп төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Бұл халықаралық дереккөздер мен ұлттық есептеулердегі әдістемелік айырмашылықтардың бар екенін аңғартады.

Маңыздысы – ажырасу тек сандық көрсеткіш емес, мәдени, құқықтық және әлеуметтік факторлармен айқындалатын күрделі құбылыс. Қоғамда гендерлік теңдік, серіктестікке негізделген неке және жеке таңдау еркіндігі күшейген сайын, отбасы институтының сипаты да өзгеруде. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы ажырасу көрсеткіштері әлеуметтік дағдарыстың ғана емес, отбасылық қатынастардың сапалық тұрғыда қайта құрылып жатқанын да білдіреді. Соңғы жылдардағы төмендеу тенденциясы отбасылық тұрақтылықты арттыруға бағытталған әлеуметтік өзгерістердің қалыптаса бастағанын көрсетеді.

Жалпы, қазіргі қоғамдағы отбасы трансформациядан өтіп жатыр. Некелер азайып, кейбір отбасылар ажырасуға бейім болуы мүмкін, дегенмен статистикалық көрсеткіштер соңғы жылдары жетілген өзгерістер бар екенін көрсетеді – ажырасулардың саны төмендеп, отбасылық құндылықтарды сауатты қолдау бағытында шаралар қабылдануда. Бұл – отбасылық институтты сақтап, оны өмірдің шынайы қажеттіліктеріне үйлестіру жолындағы маңызды қадам.

Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы және ең тұрақты байланыс. Оның рөлі мен маңызын түсіну қоғамның келешегін қалыптастырады.

Қазақстандағы отбасылық қатынастар мен гендерлік рөлдер жүйесі терең әлеуметтік-мәдени трансформация кезеңін бастан өткеруде. Студент жастар арасындағы көзқарастар, неке мен ажырасу динамикасы, сондай-ақ халықаралық және ұлттық статистикалық деректер отбасын құруға, жауапкершілікке және ер мен әйел рөлдеріне деген қатынастың біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Дәстүрлі патриархалдық модельдер әлі де қоғамдық санада сақталғанымен, серіктестікке, тең мүмкіндіктерге және өзара жауапкершілікке негізделген отбасы үлгісі күшейіп келеді.

Некенің кешіктірілуі мен ажырасу көрсеткіштерінің салыстырмалы түрде тұрақтануы отбасы институтының әлсіреуін емес, керісінше оның сапалық тұрғыда қайта құрылуын білдіреді. Қазіргі таңда отбасылық тұрақтылық формалды некеден гөрі, құндылықтық үйлесім мен тең қарым-қатынасқа тәуелді бола бастады. Бұл үдерістер гендерлік теңдік идеяларының қоғамда орнығып келе жатқанын көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы отбасылық өзгерістерді әлеуметтік дағдарыс ретінде емес, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара әрекеттесуінен туындаған табиғи мәдени эволюция ретінде қарастыру орынды. Қоғамның тұрақты дамуы үшін бұл өзгерістерді түсіну, қолдау және институционалдық деңгейде үйлестіру маңызды.

Қорыта келгенде, Қазақстандағы ажырасу деңгейі әлемдік орташадан жоғары болуы мүмкін, кей деректер бойынша тіпті әлемдік рейтингтің жоғарғы сатысында тұр. Дегенмен, ресми статистикада бұл көрсеткіштің төмендеу тенденциясы байқалады, яғни елде отбасылық тұрақтылықты арттыру бағытында да әлеуметтік өзгерістер байқалуда.

Сыздықова Мақпал Бархияқызы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті,
Философия және әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер кафедрасының аға оқытушысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!