Жаңа жыл жақындаған сайын Қызылорда облысында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалану дерегі жиілеп, құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды сақтыққа шақыру іс-шараларын жүргізуде. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қызылорда облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Сатқанбай мен Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Арман Дастенов Өңірлік коммуникация орталығында айтып берді.
Облыс аумағында жүргізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес, яғни тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау фактілері бойынша барлығы 15 құқық бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, Қызылорда қалалық полиция басқармасында – 11, Арал ауданында – 2, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында бір-бірден дерек тіркелген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 128 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді.
Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша, яғни елді мекендерде пиротехникалық заттарды ұшыру дерегімен Арал ауданында үш құқық бұзушылық анықталған. Аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес, тұрғындар арасында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданғаны үшін 20 АЕК көлемінде, яғни 78 640 теңге айыппұл қарастырылған.
– Осы жылдың 5 желтоқсанынан бастап өңір аумағында Полиция департаментімен бірлескен «Пиротехника » жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Іс-шара барысында адам көп шоғырланған орындар мен сауда орталықтарында рейдтер ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндірілуде. Бүгінде пиротехникалық бұйымдардың саудасын рұқсатсыз жүргізген тұлғаларға қатысты 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 147 450 теңге айыппұл салынды, – дейді Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Арман Мамайұлы.
Мамандардың айтуынша, пиротехникалық бұйымдардан келетін қауіп әсіресе кәмелет жасқа толмағандар арасында жоғары. Жаңа жыл мерекесі кезінде балалардың көпшілігі отшашуларды дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі жарақат алады. Осыған байланысты құзырлы органдар тұрғындарға күмәнді сатушылардан пиротехникалық өнім сатып алмауға, балалардың оны өз бетінше іске қосуына жол бермеуге шақырады. Қаптамадағы нұсқаулықты мұқият оқып, жарылыс кезінде қауіпсіз қашықтықты сақтау – басты талап. Жабық ғимараттарда пиротехникалық бұйымдарды қолдануға мүлдем тыйым салынған. Көрермендер қауіпті аймақтан кемінде 20 метр қашықтықта тұруы тиіс, ал жұмыс істеп тұрған пиротехниканы қолда ұстауға қатаң тыйым салынады.
Мерекелік қауіпсіздік тек отшашумен шектелмейді. Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын жаңа жыл қарсаңында адам өмірі мен денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жыл басынан бері облыс аумағында 432 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқан, 10 адам түрлі жарақат алған. Өрт салдарынан тұрғындарға 259 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
Талдау көрсеткендей, өрттердің 10%-ы, яғни 45 жағдай кәсіпкерлік нысандарда орын алған. Негізгі себеп – меншік иелерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына салғырт қарауы. Электр сымдары мен құралдарының уақытылы тексерілмеуі, белгіленбеген орындарда темекі шегу немесе ашық от қолдану – қайғылы жағдайларға алып келетін басты факторлар.
Жаңа жыл мерекесі кезінде мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарында адамдардың көп шоғырлануын ескерген Төтенше жағдайлар департаменті кәсіпкерлік нысандарға әдістемелік көмек көрсетіп, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Мерекелік іс-шаралар өтетін нысандарда өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар бекітіліп, электр желілеріне арнайы тексеріс жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы, эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуы қатаң бақылауға алынуда.
Құзырлы органдар тұрғындар мен кәсіпкерлерге мерекені қауіпсіз қарсы алуға шақырады. Ғимарат ішінде пиротехникалық бұйымдар мен ашық от қолданбау, темекі шегуге рұқсат етілмеген орындарды қатаң сақтау, ал пиротехникалық өнімдерді тек ішкі істер органдарынан рұқсаты бар сатушылардан ғана сатып алу – әр азаматтың жауапкершілігі.
Қауіпсіздік – мерекенің сәнін қашыратын шектеу емес, керісінше, әрбір шаңырақтың амандығын сақтайтын басты шарт. Сондықтан жарқыраған от шашудың артында қандай қауіп жатқанын ұмытпай, жаңа жылды шаттықпен әрі сақтықпен қарсы алу – ортақ міндет.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!