Парламент депутаттары бірінші сессияның жұмысын аяқтап, каникулға кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында сегізінші сайланған парламенттің бірінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қозғалды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бірінші сессияның жұмысын қорытындылады.

«Мәжіліске алғаш рет алты саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт оппозицияда болған партия парламентке өтті. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғащ рет бірмандатты округтен сайланған шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар депутаттар мен ерекше қажеттіі бар адамдар мен жастардың қатары көбейді», – дейді Қошанов бірлескен отырыста.

Ол сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас парламент деп атады. Жасы әлі отыз беске толмаған он үш депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде.

Айтуынша, бірінші сессия небәрі 100 күнге созылған.

«Алайда қысқа болғанымен, атқарылған міндеттер бойынша бұл сессияның жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болды», – деді спикер.

Бұл сессия барысында палаталардың үш бірлескен отырысы, сенаттың 12, мәжілістің 15 жалпы отырысы өткен. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға президент қол қойды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!