Салтанатты жиын барысында партияның өңірлік жетекшісі Серікбай Ыдырсұлы жаңадан қабылданған мүшелерді жеке-жеке құттықтап, олардың ел болашағына қосар үлесі зор боларына сенім білдірді. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі күн – тек жаңа мүшелер үшін емес, бүкіл партиямыз үшін маңызды кезең. Сіздер тек бір ұйымның емес, халықтың сенімін арқалаған тұлғаларға айналдыңыздар. Ауыл – ұлттың алтын бесігі. Осы бесікті бірге тербетіп, бірге көркейтеміз, – деді.
Партия қатарына қабылданғандардың қатарында жас мамандар да, тәжірибелі ұстаздар мен қоғамдық белсенділер де болды. Әсіресе, Мансап мектебінің ұжымы партия идеологиясына жақын екенін көрсетті. Олар үшін бұл – жай ғана саяси таңдау емес, азаматтық ұстанымның
көрінісі.

Жиында сөз алған партия белсендісі Алдажар аға жас буынға өз сенімін білдіре отырып, былай деді:
– Бізге жалындаған, ел үшін жанын салуға дайын жастар керек. Сендердің әрқайсыларың – болашақтың темірқазығысыңдар. Жолдарың ашық болсын! – деп, өзінің жаңа ғана жарық көрген «Залал» атты детективтік туындысын тарту етіп, әрбір жаңа мүшеге қолтаңбасымен сыйлады.
Жиын соңында партия жалауының астында Серікбай Ыдырсұлы жаңа партияшыларға партиялық билеттері мен төсбелгілерін табыс етті. Алдағы уақытта партияның аудандық бөлімшелерінде де осы іспетті шаралар, қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, еріктілер қозғалысы іске қосылмақ. Бұл – ел ішіндегі саналы азаматтарды біріктіріп, жаңа серпінмен болашаққа бастар нақты қадам.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!