Партиялық емес байқау орталығы кеше өткен әкімдер сайлауының ұйымдастырылу барысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды байқау процесін қамтамасыз ету мақсатында сайлауды партиялық емес бақылау орталығы құрылды. Орталық қызметінің негізгі бағыты сайлауды, оның ішінде сайлау учаскелерінде бақылау мен мониторинг жүргізу арқылы сайлау процесіне жүйелі түрде қатысу. Орталықтың филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде ашылған. «Сайлауды партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ 2021 жылғы 25 шілдеде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды байқауға белсенді қатысты. Дауыс беру күні таңғы сағат 7.00-ден бастап орталықтың 2000-нан астам байқаушысы республиканың барлық облыстарындағы ең шалғай сайлау учаскелерін қоса алғанда, 1845 сайлау учаскесінде дауыс беруді бақылауға қатысты», – деді Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, партиялық емес бақылау орталығының жұмысына үкіметтік емес ұйымдардың 95 өкілі қатысты.
«Сонымен қатар, сайлауды партиялық емес бақылау орталығы жанында ахуалдық орталық жұмыс істеді, онда өңірлерден келіп түскен деректер өңделіп, талданды. Өңірлік байқаушылар штабтарымен жедел байланыс тұрақты негізде сақталды және 14 облыста филиалдардың басшыларымен жұмыс үйлестірілді. Барлық байқаушылар учаскелерге қолданыстағы сайлау заңнамасына, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарына сәйкес жіберілді. Байқаушылар электораттың дауыс беру белсенділігі жоғары болғанын атап өтті. Сайлау комиссияларының жұмысына шағымдар мен теріс пікірлер түскен жоқ, сайлау учаскелерінде елеулі заңбұзушылықтар тіркелген жоқ», – дейді ол.
Сондай-ақ, орталық басшысы сайлау барысында кішігірім бұзушылықтардың болғанын, бірақ оның дереу жойылғанын айтты.
«Бұзушылықтардың басым бөлігі техникалық сипатта болды және жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларының мүшелерімен жедел жойылды. Атап айтсақ, жекелеген азаматтардың өз отбасы мүшелеріне дауыс беру әрекеті, дауыс беру кабинасына 2 адамнан кіру, кейбір азаматтардың куәландыратын құжатсыз бюллетень алғысы келу ниеті, әлеуметтік қашықтықты сақтамау секілді фактілер орын алды. Біздің байқаушыларымыз осындай 12 бұзушылықты тіркеді. Дегенмен аталған бұзушылықтар сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығына әсер етпеді», – деді Т. Күнәділов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!