Асүйде жеңгесі мен қайынсіңлісі болмашы дүние үшін сөзге келіп қалды. Бір-бірін тыңдайтын түрі жоқ, дауыстары қатайып барады. Мұны естіген қарт кісі не істерін білмей ортаңғы бөлмеде сенделіп жүр. Тіпті түрі бұзылып кеткен. Ақыры мазасы кетіп, басу айтуға барғанда келіні мен қызы «ата, бұл сізге пранк» демесі бар ма? Аяқ-асты әбігерге түскен атасының сондағы түрін көрсеңіз… Қарт кісілермен осылай әзілдесу қаншалықты орынды?
«Ана бір әнші, мына бір танымал адам дүниеден өтіпті» деп ата-әжесінің реакциясын бақылайтындар да бар. Көбінде мұндай сәт үлкендерге оңай тимейді. Оқиғаның аяғы бірінің қан қысымы жоғарылап, бірінің мазасы кетіп, жедел жәрдем шақырумен жалғасып жатады. Қарап отырып, күлкі іздегендердің күткені осы ма дейсің?
Жүрегі әлсіз үлкендермен қатар, әлі психологиясы қалыптаспаған балаларға да пранк жасайтындар бар. Балаға әдейі тамақ салмай қою, басқа балаларға мән беріп, біреуін елемеу де сәби көңілінде қалып қоятын жағдай. Өйткені ол әлі үлкендердің ісін сараптап, «а-а, пранк екен ғой» деп ақылға салатын жаста емес.
Ал телефонның бейнежазбасын қосып кетіп, «мен қазір келем, қарап тұрған жоқпын. Білетін балағат сөздеріңді айта бер» деп баласын бөлмеге қалдырып кететіндер «менікі дұрыс па, болашақта бұл бала қандай болып өседі» деп ойлады ма екен?
Жуырда «Я хотя бы не…» деген тренд пайда болды. Көбіне ерлі-зайыптылар бір-бірінің ерсі қылықтарын елдің алдында айтып, «хотя бы мен олай етпеймін» деп сөзін аяқтайды. Сырттай бақылап отырып әлгі адамның оғаш қылықтарын естігенде біртүрлі болып қалатының рас.
Біреудің денсаулығына әсер ететін, біреудің көңіліне тиетін мұндай пранктың қандай пайдасы бар деп ойланып көрдік пе?
Ислам дінінде бұған не дейді? Асыл дініміз Исламда біреуге күлкі мен қуаныш сыйлауды садақаға балайды. Дегенмен әзілдесудің де өзіндік тәртібі мен әдебі бар. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген хадисін де ұмытпағанымыз абзал.
Хасан Аманқұл «Мұнара» басылымындағы мақаласында бұл туралы тереңірек баяндаған екен.
– «Пранк» деп адамды ыңғайсыз әрі орынсыз жағдайға қою, алдау мақсатында әзілдеуге айтылады. Осындай әзіл-қалжың өткізетін, ұйымдастыратын адамды пранкер (әзілқой) деп атайды.
Әзіл-қалжыңдардың көбі басқаларды қорқыту немесе таңғалдырумен байланысты. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына, отбасылық, достық, туыстық қарым-қатынастарға зиянын тигізеді. Сондықтан Ислам дінінде өзге адамды қорқытуға рұқсат етілмейді.
Хадистердің бірінде мынадай оқиға сипатталады. Сахабалар Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарда жүрген кезде олардың бірі ұйықтап қалады. Оның ұйықтап жатқанын көрген тағы бірі әзілдемек болып оның жебесін жасырады. Әлгі сахаба ұйқыдан тұрғанда жебесін таппай қатты қорқады. Сол кезде маңайында тұрған сахабалардың бәрі күледі. Бұл жағдайды естіген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адамның басқа мұсылманды қорқытуына болмайды», – деп насихат айтады (Әбу Дәуіт).
Имам Зәркаши (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселені: «Әзіл ретінде біреуге тиесілі затты алу – харам. Затын қайтарып беру мақсатымен болсын, оны иесінен сұрамай, әзілдеп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ бұл іс шын деп қабылданады. Себебі мұсылман бауыры затын жоғалтып алдым деп ойлауы мүмкін. Ал бұл нәрсе оны қорқытады», – деп түсіндіреді (Тухфат ул-мухтаж, 10/287) ».
Ал елдің көзінше бір-бірінің ұнамсыз қылықтарын айтып, күлкі қылған ерлі-зайыптылардың әрекеті қолдауға тұрарлық па? Бір-біріне ең жақын екі адамның отбасының ішінде қалуы керек жағдайларды сыртқа шығаруы кімге пайда, кімге зиян? Мұндай бейнежазбаның астына жазылатын пікірлер де сан алуан.
Орынсыз әзілге еріксіз күліп, ұмытып кететініміз рас. Бірақ бұл бейнежазбалар интернет желісінде сақталатынын, сәбилер өскенде оларға қалай әсер ететінін неге ойламаймыз? Жұрттың миллиондаған қаралымы үшін жақындарымызды шошытып, жоқ жерден мазасын алып, денсаулығына қауіп төндіру дұрыс па? Қалай ойлайсыз?
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!