Павлодар облысында бірінші сынып оқушыларын мектеп ауласынан алып кетпек болған ер адам 10 тәулікке сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ктк арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет ашық дереккөзден

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотын мәліметінше, бұл азаматқа қатысты әдепсіз сөздер айтып, кәмелетке толмаған балаларды мектеп қабырғасында қорлау (ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) бойынша іс қаралды.

«Сот анықтағандай, 2023 жылдың 14 қыркүйегінде ер адам Кенжекөл орта мектебінің аумағында бола тұрып, айналасындағыларға сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзып, кәмелетке толмаған балаларды қорлап, сол арқылы ұсақ бұзақылық жасаған», – делінген хабарламада.

Сот оны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Павлодар облысындағы орта мектеп аумағында мас ер адам бірінші сынып оқитын екі оқушыны алып кетпек болғаны туралы хабарлаған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!