Саябақта кәмелектке толмаған ұлын ұрған 52 жастағы павлодарлық тұрғын ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға қаладағы Гагарин саябағында орын алған. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Іnstagram парақшасында ер адамның баласын балағаттап, ұрғанын жазған.
“Ол оның мұрнын жарды. Дереу полиция шақырдым, екі минутта жетті. Тәртіп сақшылары жағдайды анықтап жатқанда әйел баламен қашып кетті. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес сияқты”, – дейді видео авторы.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлағандай, Гагарин саябағында кәмелетке толмаған ұлын ұрған ер адам мас күйінде болған.
“52 жастағы ер адамға қатысты ұрып-соғу немесе физикалық ауыртпалық тудырған өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберіледі. Сотқа дейін ер адам уақытша ұстау камерасына орналастырылған”, – деп мәлімдеді облыстық ПД.
Сондай-ақ ер адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған ұлына сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!