Фото: BAQ.KZ – архив
Мәжіліс халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда 2022 жылдың сәуірінде мақұлданған болатын.
Заң жобасының негізгі мән-мағынасын депутат Магеррам Магеррамов түсіндірдіп берді.
Заң жобасы негізгі ережелері қандай:
1) халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
2) кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елімізге келуін және ел азаматтығын алуын шектеу;
3) экстремистік немесе террористік қызметке тартылған шетелдіктердің елге келуіне тыйым салу;
4) төтенше жағдайларда мерзімі өтіп кеткен құжаттарды пайдалану мәселесін шешу.
Жоғарыда аталған жаңашылдықтарды енгізу заңнамадағы бар олқылықтарды жоюға, көші-қонды бақылауды тиімдірек қамтамасыз етуге, халықты құжаттандыру рәсімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жұмыс тобының отырыстарында заң жобасын қарағанда Мәжіліс депутаттары бірқатар түзету енгізді, – деп айтты депутат.
Ол мынадай түзетулер:
– «кандас» мәртебесін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтіру тәртібін жетілдіру;
– тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының жесірлерін оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау;
– қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этникалық қазақтар отбасыларының жекелеген мүшелерін, қандастардың жесірлерін және олардың ортақ балаларын қосу;
– көшуге, тұрғын үйді жалдау және еңбегі артық өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелер бойынша өндіріп алудан төленетін Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеуге мемлекеттік субсидияларды қорғауды қамтамасыз ету;
– еңбек мигранттарына бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге еңбек рұқсатын және басқа да түзетулер алуға мүмкіндік беру.
Сонымен қатар заң жобасында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін қасақана жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізетін норма да енгізілген. Құжаттарда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуін, сондай-ақ ел азаматтығын алуын шектеу ұсынылады. Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады, – деп түсіндірді Магеррам Магеррамов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!