Қайырымдылық қорын басқарған Перизат Қайратқа қатысты істен кейін жұрттың көкейінде қайырымдылық қорларға деген күмән қалыптасты. Massaget.kz тілшісі Қазақстанда осындай қанша қор барын анықтады.
Қазақстанда қанша қайырымдылық қоры бар?
Әділет министрлігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, 2024 жылғы желтоқсандағы мәлімет бойынша Қазақстанда атауында «қайырымдылық» (қорлар, мекемелер) сөзі бар 1353 заңды тұлға тіркелген:
- 2023 жылы 504-і тіркелген;
- 2024 жылы 427-сі тіркелген.
Ең көп қор қай қалаларда тіркелген?
Ең көп қор Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тіркелгені белгілі болды.
Қайырымдылық қорын тіркеу үшін қандай талап қойылады?
Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қорды мемлекеттік тіркеу үшін мына құжаттар ұсынылады:
- жарғы,
- құрылтай шарты (құрылтайшылар саны біреуден көп болған кезде),
- жарғыны бекіту туралы уәкілетті органның шешімі,
- атқарушы органды тағайындау туралы алқалы органның (қамқоршылық кеңестің) шешімі,
- мемлекеттік тіркеу үшін алымның бюджетке төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат.
Қанша қайырымдылық қоры тіркеуден шығарылған?
Кейінгі екі жылда ерікті түрде 455, мәжбүрлеу тәртібімен 250 қор таратылған.
Қайырымдылық қорларын кім қадағалайды?
Ресми мәліметке сүйенсек, Мәдениет және ақпарат министрлігі қайырымдылық, волонтерлік қызмет, ақпаратқа қол жеткізу, онлайн платформалар салаларындағы басшылықты, мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат – Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!