Фото: Pixabay
Петропавлдағы 1,2 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйдің 134-інде лифт бар. Алайда оның әр екіншісінің құжат бойынша қолдану мерзімі өткен. Бұл туралы KAZINFORM ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Сәдуақасов қоғамдық кеңесте өз саласындағы мәселелердің кейбіріне тоқталды.
Соның бірі — лифт мәселесі.
«Петропавлда қазіргі уақытта қолданыста 421 жолаушы және жүк лифті бар. Облыс орталығының негізгі тұрғын үй қоры өткен ғасырдың 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басына жататынын ескерсек, осы кезеңге олардың пайдалану мерзімдері аяқталды. Кейбіріне 34 жыл болған. Қазіргі уақытта шұғыл ауыстырылуы қажет 89 лифт бар. Ал оның біреуін ауыстыруға орта есеппен 23 млн теңге қажет», — дейді Жанат Сәдуақасов.
Петропавлда 2011-2023 жылдар аралығында 556 млн теңгеге 24 үйде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында ескі 54 лифт жаңасына ауыстырылды.
«Ауыстыруды қажет ететін лифт саны олардың пайдалануға берілген күніне байланысты жыл емес, ай сайын өзгереді. Мәселен, бүгінде 184 лифтінің пайдаланылу мерзімі 25 жылдан асқан. Нарықтың осы сегментінде қызмет көрсететін компаниялар лифті жұмысқа жарамды күйде ұстау мақсатында тиісті диагностика жүргізіп, техникалық қызмет көрсетеді, уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізеді», — дейді Жанат Сәдуақасов.
Қазіргі проблемаларды ескере отырып, басқарма бірқатар іс-шараны жүргізбек.
«Петропавлдағы тұрғын үйлердегі лифтілердің жай-күйін анықтау мақсатында тұрғын үй инспекциясымен, мамандандырылған уәкілетті ұйыммен бірлесіп, техникалық тексеру жүргізуді және тексеру актілерін жасауды ұйымдастырамыз. Тексеру жүргізілгеннен кейін жөндеу қажет үйлердің, соның ішінде лифтілердің кезегі жасалады. Біз күрделі жөндеу қажет үйлердің үлесін азайтып, республикалық деңгей — 31% жетуіміз керек, қазір облыста ол — 49%. Ол үшін біз жыл сайын кем дегенде 20 үйді жөндеуіміз қажет. Облыс аудандарын міндетті түрде қосып, үйлер санын көбейте отырып, 3 жылға Жол картасын әзірлейміз», — дейді Жанат Сәдуақасов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!