Жаңа жыл. Шаттық пен үмітке толы сәт. Көңіл толқып, жүрек қуанышқа кенелетін мезетте түнгі аспанды сан алуан түске бояп, мерекелік әсер сыйлайтын дәстүрдің бірі – фейерверк ату. Жарқыраған отшашулар бір сәтке болса да адамдарды ертегі әлеміне жетелеп, мерекенің шырайын аша түсетіндей. Алайда сол көз жауын алатын жарқылдың тасасында қаншама көзге көрінбейтін қауіптің бар екенін екінің бірі ойлай бермейді. Бүгінгі қоғамда пиротехника қуаныштың белгісінен гөрі, тыныштықты бұзатын, қауіпсіздікке көлеңке түсіретін факторға айналып бара жатқаны да сөзімізге дәлел.
Бұрын түнгі уақытта фейерверк жағып құттықтау былай тұрсын, тіпті түнде келіп құттықтау деген бізге жат дүние еді. Ал қазір түнде құттықтамасаң көңілі қалатындардың қатары көбейді. Сағат тілі түнгі 00:00-ді көрсеткенде, «Бүгін менің күнім» деген ұранмен аспанға түрлі түсті от шашатындар көбейді. Бұл бір үйдің қуанышы болса да, тұтас бір көшенің тыншытығын ұрлау екенін түсінгісі келмейтіндер бар, өкінішті.
Қоғамда «тыйым салынбаған екен» деген түсінік жиі айтылады. Ал шын мәнінде, пиротехниканы қолдану – қатаң реттелетін сала. Мамандардың айтуынша, елді мекендерде салюттер мен өзге де пиротехникалық бұйымдарды түнгі уақытта қолдану – тыныштық режимін бұзу болып саналады.
Заңнамаға сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін фейерверк ату – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сай тыныштықты бұзу ретінде қарастырылады. Бұл туралы сарапшылардың айтуының кемі жоқ.
Айыппұл – тек сан емес, салмақ
Көпшілік «айыппұл төлеп құтыламын» деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл – қате түсінік. Алғаш рет заң бұзған, әрі елеулі материалдық шығын келтірген жағдайда, құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – 78 640 теңге, әрі пиротехникалық бұйымдар міндетті түрде тәркіленеді.
Егер салютті 16 жасқа толмаған жасөспірім қолданса, онда оған ескерту жасалады немесе ата-анасына, қамқоршысына дәл сол 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл жағдайда да пиротехника тәркіленеді.
Ал бір жыл ішінде қайталанған заң бұзушылық немесе бұрын тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылған адамның қайтадан от шашу қолданғаны анықталса, айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін өседі. Бұл – 117 960 теңге. – Ішкі істер министірінің нұсқауына сәйкес, 2025 жылдың 5 желтоқсанынан – 2026 жылдың 3 қаңтары аралығында республика көлемінде «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу.
Аталған іс-шара барысында, облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында Қызылорда облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар атқарылуда.
Сонымен қатар Полиция департаменті іс-шараны кеңінен насихаттау мақсатында, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы кәмелетке толмағандар арасында жарақат алуды болдырмау, алдын алу мақсатында, облыс көлемінде барлық білім беру мекемесінде мектеп инспекторларымен кәмелетке толмағандармен қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер оқылып, түсіндірме жұмыстары жүргізуде.
Іс-шара барысында барлығы 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 128 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді, – дейді Қызылорда ОПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Сатқанбай.
Баланың ісі шала…
Ең алаңдатарлық жайт – пиротехниканың балалардың ойыншығына айналуы. Жаңа жыл жақындаса болды, дүкен сөрелерінде жарқыраған қораптар, ал аулада ата-анасының қарауынсыз петарда жарып жүрген балалар көбейеді. Олар үшін бұл – ойын. Ал салдары – күйік, жарақат, кейде өмір бойы жазылмас таңба.
Медицина мамандары жыл сайын пиротехникадан зардап шеккен балалар саны азаймай отырғанын айтады. Қолдың күюі, көздің зақымдануы, есту қабілетінің төмендеуі – мұның бәрі «кішкентай ғана жарылыс» деп бағаланған петарданың нәтижесі. Баланың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі екенін естен шығармағанымыз жөн. Себебі бір ағаттық баланың бар өміріне әсер етпесіне еш кепілдік жоқ.
Лицензиясыз отшашу – заңсыз әрекет
Заң бойынша мерекелік фейерверктер мен пиротехниканы қолданатын іс-шараларды тиісті лицензиясы бар, әрі ішкі істер органдарында тіркелген ұйымдар ғана өткізе алады. Яғни үлкен тойда немесе ресми мерекеде атылатын салют – алдын ала рұқсатпен, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылуы тиіс.
Ал жеке тұлғалардың немесе рұқсаты жоқ ұйымдардың өз бетінше салют атуы – қатаң тыйым салынған әрекет. Мұндай жағдайда полиция құқық бұзушылықты анықтап, ұйымдастырушыны тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Пиротехникалық бұйымдар міндетті түрде тәркіленеді.
Пиротехниканы тек қолдану ғана емес, оны заңсыз сату да жауапкершілікке әкеледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, рұқсатсыз сауда жасаған немесе талапқа сай келмейтін бұйымдарды өткізген тұлғаларға да айыппұл қарастырылған.
Ал мұндай істерді қарау және әкімшілік жаза қолдану ӘҚБтК-нің 685-бабына сәйкес ішкі істер органдарының құзыретіне жатады. Яғни, бұл – ұсақ-түйек емес, мемлекеттік деңгейде бақылауда тұрған мәселе.
Қоғамдық мәдениет пен жауапкершілік
Шын мәнінде, мерекенің мәні – тыныштықты бұзу емес, қуаныш сыйлау. Ал біреудің шаттығы өзгенің ұйқысы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс.
– Мен – студентпін, жатақханада тұрамын. Емтихан кезінде ұйқы мен тыныштық біз үшін ең маңызды дүние. Бірақ түн ортасында себепсіз атылған фейерверк пен петарданың даусы дайындықтың берекесін кетіреді. Кейде тіпті терезе дірілдеп, өрттің иісі шығады. Бұл – біреудің көңіл көтеруі шығар, ал біз үшін күйзеліс. Қауіпсіздік ережесін сақтамай, заңды елемей жасалған әрекеттерді «мереке» деп ақтау дұрыс емес. Дүркіретіп от шашу атқылары келсе, тұрғын үйлер мен халық көп шоғырланбаған арнайы жерлерге барса жөн болар еді. Қалада тұру – өзгені де ойлау деген сөз, – дейді студент Арайлым Убайтжан.
Қорыта айтқанда, пиротехника – екіұшты құбылыс. Дұрыс қолданылса – мерекенің көркі, бейберекет пайдаланылса – қауіптің көзі. Заң да, медицина да, қарапайым адамгершілік те осыны айтып отыр. Бір сәттік әсер үшін біреудің денсаулығы мен тыныштығын құрбан ету – ақылға қонымсыз.
Мереке өтеді, ал салдары қалады. Сондықтан әр жарқылдың артында жауапкершілік бар екенін ұмытпайық. Жарқыраған аспаннан гөрі, тыныш түн мен аман таң әлдеқайда қымбат.
Қауіпсіздік – мерекенің сәнін кетіретін шектеу емес, керісінше, әрбір шаңырақтың амандығын сақтайтын басты шарт. Сондықтан жарқыраған отшашудың артында қандай қауіп жатқанын ұмытпай, жаңа жылды шаттықпен әрі сақтықпен қарсы алу – баршаға ортақ міндет.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!