Жаңа жылға аяқ басуға да сәл қалды. Бұл дегеніміз жуырда аспанға атылған отшашу мен жарылған пиротехниканың дауысы үйреншікті құбылысқа айналады. Мұндай көріністі мерекенің ажырамас бөлігі дегенімізбен, оның салдарын ескеруіміз қажет. Расында пиротехниканы дұрыс қолданбау адам өміріне қауіп төндірсе, құрамындағы химиялық элементтердің де қоршаған ортаға кері әсер ететіні анық. Әрине, балаға, бәлкім өзімізге ерекше эмоция сыйлау үшін отшашудың түр-түрін сатып аламыз. Дегенмен…

ОЙЛАНБАЙ ОЙНАҒАН ОҢБАЙДЫ

Қояннан ұлуға бет бұрған жаңа жыл түнінде пиротехника бұйымдарынан 16 адам зардап шекті. Мәселен, Түркістан облысында биыл 1 қаңтарда 26 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсетілді. Ол отшашу жағамын деп, білегін жеңіл жарақаттап алған. Ал Алматы қаласы бойынша 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күні 12 адам пиротехникадан зардап шеккен, оның төртеуі бала. Жамбыл облысының да дәрігерлері әбігерге түскен екен. Ондағы екі адамның қолында петарда жарылған және екеуі де аурухана төсегіне таңылуға тура келді. Ал былтыр мереке күндері Алматының өзінде 13 адамға аталған отшашу кесірін тигізген. Басым бөлігі күйік жарақатын алғанымен, бір науқастың көзіне зиянын тигізген еді.

Көздің жауын алатын көріністі тамашалаймын деп отшашу кезінде от басқандар мұнымен тоқтамақ емес. 4 қаңтар күні Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек орталығында пиротехникадан жараланған 5 бала емделді. Алматылық дәрігерлер отшашудан зардап шеккен 13 және 16 жастағы жасөспірімдердің қолын аман алып қалды. Мұнан бөлек Атырауда тұрғын үйдің сыртқы қабырғасы өртенді.

Әлемдік мысалдардың да хәлі жақсы емес. От шашқан ғана емес, өнімді тасығандар да зардап шегуде. Ресейде отшашу тиелген жүк көлігі жол апатына ұшырап, салдарынан 3 адам оқиға орнында мерт болды. Нидерландыда қолдан жасалған отшашудан 12 жастағы бала қайтыс болды. Ал 2021 жылы Жапонияның Отару қаласында отшашулар шығаратын зауытта өрт шықты.

Хош. Сандарды сөйлетіп, қорқытпасқа амал жоқ. Бірақ отшашудың ойын емес екенін айқындайтын дәлелдер тізбегі мұнан да көп.

«Қайсар қыз» деп танылған қазақстандық блогер Римма Асқарова 11 жасында отшашудың кесірінен көзін жарақаттап алған.

– 11 жасымнан бастап отшашуға жақындамаймын. Өйткені денсаулығыма зардабы көп болды. Танымайтын адамдар көзімді көріп, туабітті ауру екен деп ойлап жатады. Көбінің көкейінде «бұл қалай болған?» деген сауал туындайды. Негізі олай емес. Бұл оқиғаны жазатайым болды деп қабылдадым. 11 жасымда, 6 сынып оқитын кезімде жаңа жыл қарсаңында отшашу шашырап, содан көзімнің беткі пердесі күйіп, осы жағдайға түстім. Бірақ ол кезде қабақ, кірпігім ашылмай, көзім түгел жабылып қалды, – деді Римма сұхбаттарының бірінде.

Ізденіс барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өткен жылғы есебін көзіміз шалды. Былтыр қаңтар мен қараша аралығында 231,1 тонна, құны 663,9 мың АҚШ долларын құрайтын отшашу импортталған. Оның ішінде петарда, фонтан, отшашу батареялары, бенгаль оты, түрлі-түсті түтін, жер үсті отшашуы мен басқа да тұрмыстық пиротехникалық заттар бар. Ал негізгі импорттаушы – Қытай. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда әдеуір көп. Себебі ол уақытта 159,4 тонна, құны 448,9 мың АҚШ доллары болатын отшашулар жеткізілген.

Сондай-ақ былтыр 16 мыңнан астам пиротехникалық бұйым тәркіленіп, бір аптаның ішінде 842 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жыл басында ұйымдастырылған рейдтік шараларда аталған өнімдерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін 10 күнде шамамен 40 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Ойлаңызшы, 40 миллион теңге айыппұл… Бұл заңсыз пиротехникалық бұйымдардың көп екенін көрсетеді. Расымен қазір бұл бұйымдар жасқа да, балаға да қолжетімді.

– Күн суып, қар түскен бойда дүкендерде петарда сатылымға шығады. Оның бағасы да қолжетімді екен. 3 ұлым бар. Өткен жылы осындай жарылғыш ойыншықпен ойнап жүргендерін алғаш көріп, аң-таң болдым. Сонда дүкен иелері 10 жасар балаға еш уайымсыз мұндай заттарды сата бере ме? Балаларыма мұның дұрыс емесін, тек үлкендердің көмегімен қолдану керек екенін түсіндірдім. Дегенмен бәрібір де уайымдаймын, – деп алаңдауымен бөлісті қала тұрғыны Мира Абайқызы.

Былтыр әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 196-бабына сәйкес, пиротехникалық бұйымдармен заңсыз сауда жасағаны үшін 25 АЕК немесе 86 250 теңге, отшашуды қолдана отырып, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны үшін 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

– Отшашу сән, қызық екенін түсінемін. Бірақ оның да реті болу керек. Биыл қаңтардың ортасында түнгі 03.00 шамасында бір топ жас бала отшашу жағып, ауланы той алаңына айналдырды. Әрине, бірден полиция қызметкерлерін шақырдық. Мұндай бассыздық осы мерекеде болмаса екен дейміз, – деді 72 жастағы Әсия әже.

Отшашуға жұмсалатын қаржының ауқымынан бөлек оның зардабы ту- ралы дабыл қағатындар көп. Ерікті Нұрбол Нұрланұлының айтуынша, Ливанның Чекка қаласында тұрғындар 129 мың бөтелкеден биіктігі 28,5 метрлік шырша орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Бұл экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі тиімді дейді.

– 2018 жылы Бейжіңде, Шанхай мен Гуанчжоуда жаңа жылда отшашуға тыйым салынды. 2019 жылы Бейжіңде отшашудың орнына дрон шоуы ұйымдастырылды. Қаржылық есеп бойынша едеуір шығын келсе де, бұл пиротехниканың зиянын азайтады. Гиннестер рекордына енген бөтелкеден жасалған шырша да ерекше атап өтуге тұрарлық жоба.

Отшашу секілді түрлі жарылғыш заттарда органикалық заттар бар. Ауада ұзақ уақыт тұрып, адамның денсаулығы мен тіршілікке зиян әкеледі, – деді ол.

ОТШАШУДАН ОТ ШЫҚПАСЫН ДЕСЕҢІЗ

Жылдар бойы санаға сіңіп, мәдениет яки дәстүрге айналған отшашуды бір мезетте алып тастау мүмкін емес. Мұны сіз де, біз де білеміз. Дегенмен «Сақтансаң, сақтаймын» деген бар ғой. Сондықтан ойыннан от шықпасын десеңіз сала мамандары ұсынатын қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.

Көп жағдайда қарапайым әрі таныс көрінетін пиротехникалық құралдарды қолдануда салғырттық танытатынымыз рас. Бірақ әр бұйымның өзіндік ерекшеліктері бар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан ең алдымен әр бұйымға қоса берілетін нұсқаулықты мұқият оқып шығу қажет. Сондай-ақ фитильді қол созым ара қашықтықта тұтандыру керек. Бұл сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп, жазатайым оқиғалардың алдын алады. Ал пиротехникалық бұйымды қолдану барысында кемінде 20 метр қашықтықта тұруы тиіс. Бұл арақашықтық құралдың жарылыс әсерінен болатын ықтимал қауіптен қорғайды.

Қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету үшін бірнеше іс-әрекетке қатаң тыйым салынады. Жанып жатқан немесе тұтанған пиротехникалық бұйымды қолда ұстауға болмайды. Егер бұйым тұтанбай қалса немесе жанып біткен болса, оған қарау өте қауіпті. Себебі ол кез келген сәтте жарылуы мүмкін. Пиротехникалық бұйымдарды жабық ғимараттың ішінде қолдануға қатаң тыйым салынған. Мұндай жағдайда өрт шығу қаупі өте жоғары. Бұйымды адамдар тұрған немесе жүретін аймаққа бағыттауға болмайды. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде аса сақ болған жөн. Қолдан сатып алынған, қаптамасы зақымдалған немесе сақтау мерзімі өтіп кеткен бұйымдар үлкен қауіп төндіреді. Мұндай өнімдер жиі сапасыз болып шығып, күтпеген оқиғаларға әкелуі мүмкін.

Ал егер көзге бөгде бөлшектер түссе көздің шырышты қабығын бөлме температурасындағы қайнаған сумен көп мөлшерде шайып, көзге таңғыш қою керек. Бірақ жазатайым оқиға далада болса, орамал немесе шүберек қолданып, көзге тағу жеткілікті. Олар болмаса, қалпақты көзіңізге тартуға немесе қолмен жабуға болады. Ал ең бастысы шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет

Айта кету керек, сертификатсыз, лицензиясыз пиротехникалық жарылғыш заттар мен фейерверктерді сатқан кәсіпкерлерге және ереже талаптарын сақтамаған азаматтарға заң талаптарына сәйкес тиісті шара қолданылады.

254 ПИРОТЕХНИКАЛЫҚ БҰЙЫМ ТӘРКІЛЕНДІ

Желтоқсанның бесінен бастап заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында республика көлемінде «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

– Қазір облыс бойынша жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар өтетін 523 объектінің тізімі нақтыланды. Департамент қызметкерлері барлық іс-шара өтетін орындардың өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 119 өрт қауіпсіздігінің бұзушылығы анықталып, жою үшін нұсқама берілді. Қажеттілігіне қарай кей нысандарда кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылады. Одан бөлек, облыс бойынша жаңа жылдық кештер ұйымдастырылуы мүмкін кафелер мен мейрамханалар тізімі жасалып, кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

Шара барысында 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 254 дана пиротехникалық бұйым тәркіленген.

Ал Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғабит Бабаев «тұрғындардан пиротехникалық бұйымдарды сатып аларда өнімнің сертификатталғанына назар аударуын сұраймыз» дейді.

− Мереке қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде өрт оқиғаларын болдырмау және жарақат алу жағдайларының алдын алу мақсатында профилактикалық шара ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Міндетті түрде пайдалану нұсқаулығын мұқият оқу қажет. Сондай-ақ тұтандырылған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстауға, бөлме ішінде, қауіпті аймақта пайдалануға, адамдарға қарай бағыттауға, тұтанбай қалған жағдайда оны қарау үшін еңкеюге мүлде болмайтынын еске саламыз, − деді ол.

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ ӘЛДЕ АҚШАНЫ АУАҒА ШАШУ

Жаңа жыл немесе басқа да мерекелерде бірнеше минуттық «уау» эффект үшін миллиондаған қаржы жұмсалады. Отшашулар шынымен қажет пе, әлде бұл дәстүрден гөрі сәнге айналған әдет пе дерсіз. Ендеше қаржылық есепке зер салсақ.

Елдегі әр аймаққа қысқы қалашықтар салынады. Биыл Астанадағы жаңажылдық безендіруге 700 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады екен. Ал Шымкент қаласы жалпы жаңа жылдық безендіруге қала бойынша 80 миллион теңге бөлген. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі брифинг барысында да айтқан еді.

– Бес ауданың әрқайсысына 16 милллион теңгеден түседі. Біз бұл шешімді қабылдаған кезде былтырғы қолданған жасанды шыршаларды қайта қолданамыз дедік. Былтырғы заттарды пайдаланамыз. Екіншіден тағы да қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз, – дейді Ғабит Сыздықбаев.

Апта басында Қызылордада шырша шамы жағылды. Айта кетейік, биыл шаһарда жаңа жылдық шыршаны орнатуға ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Оның орнына өткен жылы пайдаланылған жасанды шырша қойылды. Ал мерекені тойлау мақсатында Қызылорда қалалық бюджетінен 7,1 миллион тенге бөлінген.

Сондай-ақ Түркістанда бірнеше жылдан бері жаңа жылдық шыршаға қаражат қарастырылмайды. Мерекелік іс-шараларға демеушілер тартылады. Ал орталық алаңға арнайы шырша сатып алынбайтын көрінеді.

Батыс Қазақстан облысы өткен жылы отшашуға 34 миллион теңге қарастырса, биыл 12 аудан мен 1 қаланы безендіру жұмыстарына 28 миллион теңге бөлген. Бұл аймақтар да қолда бар шыршаны қолданады екен.

– Бізде мен бұл қызметке келгенге дейін сатып алынған шыршалар бар, соларды биыл да қолданамыз. Сәйкесінше, жыл сайын жаңа шырша сатып алып жүрмейміз. Отшашуды да осы 28 миллион теңгеге сатып аламыз. Сонымен қатар осал топтан шыққан балаларға табысталатын сыйлықтар алынады. Жыл сайын мұқтаж және ерекше балаларды қалаға шақырып, іс-шара өткіземіз. 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде бұл қаржы түк емес , – деді Батыс Қазақстан облысның әкімі Нариман Төреғалиев.

Жаңа жылда Павлодар қаласы 52 миллион, Екібастұзға 38 миллион теңге жұмсаса, Атырау қаласының безендірілуіне 67 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Қаржыға бет бұрған екенбіз, пиротехникалардыңқазіргі құнын бақылап көрдік. Баршаға қолжетімді, қалағаныңды таба алатын «OLX»-те «Хит продаж» жүріп жатыр екен. Бағасы әртүрлі. Петардалар 900теңгеден басталса, отшашу көлемі мен күшіне қарай өсе береді. Ал қарапайымдүкендерде оқушылар петарданы 300 теңгеге сатып аламыз дейді. «Аlmatysalut » онлайн дүкенінде отшашудың үлкені 15 мың теңгеден басталады. Егер оның 30 метрге дейін ұшып жарылғанын 90 секунд аралығында тамашалығыңыз келсе «Vip-100» деген түрін аласыз. Ал мұны сатушылар 120 000 теңгеге бағалап отыр.

«ҚАЗАҚ ОТТЫ ЖОҒАРЫ КӨТЕРМЕГЕН»

Қазақ халқы ерте заманнан отты құдіретті күш, тылсым ретінде қабылдаған. Оны тек қажет болған жағдайда, аса сақтықпен пайдаланған.Мысалы, отты ошақтан шығармау туралы ырымның өзі қауіпсіздік үшін ғана емес, адамның тағдырын, табиғаттың заңдылығын құрметтеуден туындаған. Бірақ бүгінде бұл салт-сана өзгеріп, оттың символикасы бір сәттік көңіл көтерудің, сән-салтанаттың бір бөлігіне айналғандай.

– Ежелде елге шапқан жау үйлерді өртеу үшін отты аспанға көтерген. Міне, жалынды жоғары көтеру тек жаудың іс. Сондықтан қазақ «отты жоғары көтерме» дейді. Ал қазір сол отты төбемізде «атып» жатырмыз. Бұл бір тылсым арқылы жамандық алып келеді деген сөз емес, бірақ аса қауіпті. Қанша қаржыны отқа жағып жатқан жастар бір сәттік қызық үшін алапат апатты қолдан жасауда. Ал екіншіден, ысыраптың нағыз өзі.

Бұл ретте «отпен аластау бар емес пе?» деп қателесетіндер бар. Бірақ ол түтетпемен аластайды. Көзі тиген адамның киімімен, адыраспан, арша, емен секілді ағаштардың жапырақ, қабығымен аластайды. Соларды бықсытып жағып, соның түтінін аластауға пайдаланады. Отпен аластағанның өзінде де оны басына асыра көтермеген.

Қазақта түрлі әфсана бар. Сол арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеген. «Бармақ» хиссалар жинағында Адам ата мен Хауа ауаның жерге түскен сәтінде олармен бірге Алланың түрлі жаратылыстарының қоса түскені айтылған. Оның ішінде тозақтан да бірұшқын түскен. Сол кезде жәбрейіл: «Әй, Адам, бұл от сені азғырған шайтанның нәсілінен. Оған еге бол, аса сақ бол, назарыңнан айырма. Болмаса ол жер бетіндегі жұмақ жемісінің барлығын жоқ етеді. Әсіресе балаларың арқылы шайтан өз демін үрлейді» деп айтқан, – деді дәстүртанушы Сәкен Алдашбаев.

Бұл ретте 19 жастағы «А» есімді студент отшашудың адамға қуаныш әкелетінін айтады.

− Бенгаль оты, түрлі-түсті түтін, аспандағы отшашу меніңше, бұл соншалықты глобалды мәселе емес. Мерекелер мен түрлі іс-шаралар кезінде отшашулар мен фейерверктер адамға қуаныш әкеледі,көңіл-күйін көтереді. Егер пиротехникалық өнімдердің қолданылуын тым қатты шектесек, халықтың қажеттіліктерін ескермейміз. Әрине, экология маңызды, бірақ адамның қалауын да назардан тыс қалдырмауымыз керек, − деп пікір білдірді.

Ал 24 жастағы қала тұрғыны өзінің оқиғасымен бөлісті.

− Кейінгі жылдары ғана отшашудың қауіпті екеніне көзім жетті. Бұған дейін достарыммен жиналып, көп мөлшерде пиротехникалық заттарды салып алатынбыз. 2 жыл бұрын отшашу өзіме атылып, жарақат алдым. Атам да аспанға от атпау керек деп жиі айтатын. Мұның мәнін енді түсінгендеймін, − деді Азамат Искендіров.

ТҮЙІН. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, оқыс оқиғаның алдын алу үшін пиротехниканың қаупі мен сақтық шаралары жөнінде жазуды жөн көрдік. Есіңізде болсын, қауіпсіздік өз қолыңызда!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!