Қоғам – үлкен бір организм іспетті. Оның амандығы, тыныштығы мен тұрақтылығы әрбір азаматтың бейбіт өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Ал сол тұрақтылықтың күзетшісі мен сақшысы – полиция қызметкерлері. Полиция бұл тәртіп пен әділеттіліктің символы. Олар – заңның қорғаушысы, әлсіздің панасы, бейбітшілік тірегі. Бұл жәй ғана мамандық емес, бұл ерлік пен төзімділіктің, мызғымас жауапкершіліктің көрінісі. Полиция қызметкері әр қадамды бақылап, халықтың амандығы үшін әрекет етеді. Олар – әр шақыртуда беймәлім жағдайға аттанып, өз өмірін екінші орынға қоятын қаһармандар. Менің ойымша полиция тек қызмет емес, сонымен қатар ұлтқа адал болудың, адам өміріне жауапты болудың ерекші түрі.
Бұл хатымда мен полицияның қоғамдағы орны, маңызы және полиция қызметкерлеріне деген азаматтық пікірім мен ризашылығым туралы ойымды шын жүрегіммен жеткізгім келеді. Дәл осы хат – әрбір адал полиция қызметкерлеріне алғысым мен сенімімнің үні.
Полиция – халықтың қорғаны, мемлекеттің тірегі және әділет жолындағы күрескер. Біріншіден, полиция қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің негізін қалаушы күш. Әрбір азаматтың еркіндігі мен қауіпсіздігі тек заңмен ғана емес, сол заңның орындалуын қамтамасыз ететін полиция қызметкерімен де қорғалады. Мысалы, көшеде түнде жалғыз жүрген адам өзін қауіпсіз сезінсе, ол тәртіп сақшыларының еңбегінің жемісі. Менің ойымша полицияның рөлі тек қылмыспен күресу емес, оған қоса адам жанын ұғу, халыққа сенім ұялата білу.
Екіншіден, полиция өте қиын жол. Полиция қызметкерлері күн-түн демей, өз өмірлерін қауіпке тігіп, өзгенің тыныштығы үшін күреседі. Қоғамда орын алған апат, төтенше жағдай, қылмыс атаулының басында сол кісілер жүреді. Бірде жаңалықтардан полиция қызметкерінің суға кетіп бара жатқан баланы құтқарып қалғанын естідім. Сол сәтте мен оның жанкештілігімен батылдығына тәнті болдым. Бұл – елге адал қызмет етудің айқын мысалы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,Полиция бейбіт өмір сүрудің, тынышқоғамның алтын арқауы. Олар – үнсіз еңбек ететін, бірақ ел үшін өлшеусіз еңбек сіңіретін жандар. Қоғам тыныштығы мен адам қауіпсіздігі олардың тынымсыз еңбегінің арқасындаорнап отырған үйлесім. Тек адал, асыл қасиет адамгершілікті ту еткен полиция қызметкерлері ғана халық сеніміне ие бола алады. Өйткені сенім қолдан жасалмайды, ол тек шынайы, мейірімді әркеттердің нәтижесінде ғана пайда болады. Меніңше, біз полиция қызметкерлерін сынға алмай, оларға алғыс айтып, қолдау көрсетуіміз қажет. Халық пен тәртіп сақшысы бір біріне сеніп, түсіністікпен қараса қоғамда бейбітшілік нығаяды. «Ел қорғаған ер қадірлі» дейді дана халқымыз. Әрбір баланың күлкісі, оның амандығы, азаматтың еркіндігі, бәрі тәртіп сақшысының тынымсыз еңбегімен тікелей байланысты. Сондықтан бұл хат жәй алғыс емес, үміт және жүрек үні.
Құрметті полиция қызметкерлері!
Сіздердің ел үшін атқарып жүрген ауыр әрі жауапты қызметтеріңіз үшін шексіз алғыс айтамын. Сіздер әділет пен тәртіптің тірегі, халықтың сенімді қорғанысыздар. Сіздердің қиын сәтте көмекке келулеріңіз – үлкен жауапкершіліктеріңіздің белгісі. Әрбір жасаған адал қадамдарыңыз қоғамға сенім және тыныштық сыйлайды. Сіздердің ерлік істеріңіз – болашақ ұрпаққа үлгі. Қызмет жолдарыңызда амандық, отбасыларыңызға бақытпен береке тілеймін. Халық сіздерге сенеді.
Жансая БАСАРОВА,
К.Қаракөзов атындағы № 235
мектеп-гимназиясының
9 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!