Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында жаңадан сайланған депутаттарға ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ екенін ескертті, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.

«Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан, популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі.

Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын мәжіліс мақұлдап, сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан, осы залды мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды парламентке айналды», – деді президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!