Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасы мен басқа да қажетті тауарлар бағасын ұстап тұруды тапсырды. Оның айтуынша, мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарының бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

«Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

«Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар», – деп жазған  Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол бұл ретте, мен бірқатар шұғыл шараларды қабылдауды тапсырғанын атап өтеді. 

«Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді;

Екіншіден, Сауда министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқ киімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтайды;

Үшіншіден, әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады;

Төртіншіден, әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп беретін болады;

Бесіншіден, бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған «Жаппай оқыту» қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Құрметті достар, білімді ұрпақ – біздің басты құндылығымыз, сондықтан оқудың барлық кезеңінде оларға қолайлы жағдай жасау, қамқорлыққа алып, көңіл бөлу – біздің негізгі міндетіміз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мен белгілеп берген бағыттар бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады», – делінген Премьер-министрдің жазбасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!