Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын талқылау мақсатында Достық үйінде келелі кездесу өтті.

Шара модераторы облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова Президент мақаласы нағыз уақыт рухын сезіндіргендігін, бүгінгі күні әрқайсымызды толғандырған мәселелерін алдымызға алып шыққандығын айта отырып, алғы сөзді «Қоғамдық келісім» КММ директоры, қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Мастековке берді.

«Бүгінгі басқосуымыз еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өткізілуде. Тәуелсіздік – тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік тұтастығы, Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Келелі кездесудің мақсаты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мемлекет басшысының мазмұнды мақаласындағы өзекті мәселелерді талқылау.
Президентіміз мақаласында атап өткендей: «Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік». Екпінді дамуға бет алған Егемен еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін еңсерілуі тиіс биіктер әлі де алда. Сол асқақ армандардың арайлы таңы атсын десек, бүгінгі бірлік пен берекенің діңгегін берік еткеніміз маңызды. Тереңнен қаузай отырып, бағыт-бағдарымызды айқындай түскен мақаланың өзегі осында болса керек. Президент: «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік»,-деп өз ойын нақтылай түскен. Олай болса, игі мақсаттар жолындағы әрбір бастамаларымыз оңынан болсын»,-деді мекеме директоры Бауыржан Мастеков.

Шараның шымылдығы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Никита Мясцовтың орындауында патриоттық «Атамекен» әнімен ашылды.

Мұнан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Дильфура Байрахтарова онлайн байланыс арқылы қосылды.

«Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева «Тәуелсіздік жылдарының тарихы» тақырыбын қозғады.

«Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, сан түрлі ұлттан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жаңғыруларды, төл тарихымызды, елдік дәстүр, халықтық тағдыр-талайымызды танып білуде, ескерткіш мұрағаттарымызды жинастыру мен сараптауда біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі кезекте Мемлекет басшысы мақаласында айтқандай, рухани қазынаның дәнін тауып, сөлін сүзіп ұлттың кәдесіне жарату біздің парыз, – деді ол.

«Мақаладағы рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері» жөнінде облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа айтып өтті. Рухани жаңғыру, білім, ғылымға маңыз беру – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын күш. Бұл тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені рухани байлықтың кемел болғаны туған еліміз үшін өте маңызды үдеріс екендігін ескере кетті.

«Единство и согласие – общенациональные ценности» тақырыбында облыстық «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова және «Білім мен технологияны дамыту – заман талабы» жайында қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мусабаева тұщымды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, қатысушылар тіл және жастар саясаты, патриотизм тақырыбына тоқталып, пікірлерін ортаға салды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!