ҚР Премьер-Министрдің 2023 жылғы 13 қыркүйектегі №142 өкімімен бекітілген ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасының тармақтарын іске асыру мақсатында Қызылорда облысының жергілікті және мемлекеттік органдарының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен жазасын өтеуші сотталғандарға психологиялық көмек беру мақсатында жеке қабылдау өткізілді.
Қабылдау Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы Аяғанова Алмагүл мен мекеме психологтарының қатысуымен өтті.
«Жас шағымда жалындап, өмірімді түрлі түске бояр шағымда жаза басып, қылмыстың өтеуін бас бостандығыммен өтеп жатқан мен үшін өмір мына киімім секілді сұр түске боялды. Әрі қарай тек қараңғылай түскен кезде мекеме мамандары әлі талай түрлі түс өміріме оралатынына көзімді жеткізді. Психолог мамандар алдымда тұрған бірнеше картадан «жаныңа жақынын» таңда дегенінде түнерген тұнық түсті карталарды ала бастадым. Уақыт өте жарық күнді, жарқырап, ашық түстермен боялған карталарға назарым ауа бастады. Осылайша небір жаман ойлар мені мазалауын азайтты. Өмірге көзқарасым тек қана жақсы ойлармен құрала бастады»,-дейді жазасын өтеуші.
«Бұл әдіс арқылы жазасын өтеушілердің ішкі жан-дүниесінде болып жатқан жағдайды анықтауға болады. Бірнеше картадан-ақ алдымыздағы адамның не ойлап отқанын, не жасап жүргенін және не жасамақ ойы барын анықтап, сол бойынша жұмыс жасаймыз. Темір торда отқан жазасын өтеушілердің ессіз әрекетке бармауына жағдай жасап, бар назарын тек жағымды жаққа аударуға әрекет етеміз»,-деді мекеме психологы Кульбаева Шынар.
Карта таңдау әдісі жазасын өтеушілерді қабылдау барысында нәтижесін бергендіктен бұл терапияны мекеме психологтары жұмыс барысында жиі қолданады.
Адина ҰЗАҚБАЙ
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!