Жасы отыздан асқан жігітті анасы қолынан жетектеп жүріп, мекеме жағалап жұмыс іздеп жүргеніне жылдан асыпты. Баланың бойында өзі-өзіне сенімсіздік байқалады. Мекеме басшысының есігінен шығып барады. Баласы «Өзім табамын ғой, бір нәрсесі болар» деп еді, анасы баж ете қалды. Бала үнсіз қалды. Екеуі кетіп барады. Ал мен олар көз ұшына кеткенше ұзақ қарап тұрдым. Бұл – жай бір оқиға емес, қоғамның кеселі. Оның тереңіне үңілу арқылы елдің ертеңінің тұтқасын кімдер ұстайды деп қалың ойға шомасың. Бүгінде тіпті өз-өзіне қол салатын жастардың да қатары артыпты. Әлем бойынша елді елең қылған мәселеге әрбір Алаш баласы алаң танытуда.

Тіпті, төрткүл дүние бұл мәселемен күрес үшін 2003 жылдан бері 10 қыркүйекті арнаулы күн етіп белгілепті. Осыдан бірер жыл бұрынғы зерттеуімізде өз-өзіне қол салған 4 мыңға жуық отандасымыздың 900-ге жақыны жастар қатарында екен. Жалпы психологиялық ахуал туралы зерттеп көргенбіз.
Қазақ ықылым заманнан «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаса керек-ті. Демократия дегеніміз діңкені құртты-ау, әйтпесе, отбасындағы отырыс ашық алаңға айналып, әлемді шарлап келеміз. Баланың көзінше айтпау керекті айтамыз, біреуді даттаймыз, ашуды ұстай алмаймыз. Тіпті мына бір дерек жаға ұстатарлық екен. «Қазақстандағы әрбір үшінші отбасы тәуліктің 15 минутын баласына қимайды» дейді зерттеулер. Осыдан келіп, баланы үкімет асырау керек, мұғалім тәрбиелеуі керек деген жауапкершілік қамытын біреуге итере салатын болмыс пайда болуда. Түптің түбінде психологиялық тұрғыда әлжуаз балалар қоғамда пайда болып жатыр. Олар адам ойына келмес әрекеттерге баруы мүмкін. Ерге қажетсіз еркелікті бойына жапсырып алған ер балаларды көріп, қарның ашады. Қынабына қылышын салып, қолына найзасын ұстаған баяғы батырлардың ұрпағы деп кім айтады? Түйткілдің тарқауын іздеп, әлемді шарладық. Қазақ атам «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» дейтін еді, осы тұста осалдық таныттық па? «Сенімен Болашақ» РҚБ психологы Сымбат Абдрахманова бұл жағдайға бірнеше фактор әсер ететінін айтады.
«Психологиясы осал жастардың қалыптасуына ең негізгі үш фактор әсер етеді. Оның біріншісі – тұқым қуалау. Сонан соң биологиялық түрлі аурулар адамның жанына батып, оның психикасының бұзылуына ықпал етеді. Адам ауырған соң ашушаң, жылауық болып кетеді. Бұл жағдайға әсер ететін үшінші фактор – психологиялық фактор. Адамда стресс, депрессия болуы мүмкін. Әлеуметтік жағдай да мұндай жағдайға ерекше әсер етеді. Мәселен, отбасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжалдың баланың психологиясына едәуір әсері бар. Психикалық тұрақты атмосфераның болмауы да сеп. Кішкентайында зорлық-зомбылық көрген адамдардың психикасы әлсіз болып келеді. Кейде темпараменттің өзі де әсер етуі бек мүмкін. Меланхолик адамдар көбіне жылауық, сезімтал, кінәмшіл, ренжігіш. Олардың стресске төзімділігі төмен. Осы бағыттардың ішінде ең бастысы, отбасындағы атмосфера деп айтар едім. Бала айтқаныңды емес, көргенін жасайды. Әкесі зорлық-зомбылық көрсететін болса, ата-анасы тастап кетіп жатса, ол баланың психикасының қалыптасуына әсер ететіні анық», – дейді ол.
Қазақ «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» қалдыра берген емес пе?! Түлектердің білім бәйгесінде ойдағы бағаға қол жеткізе алмай қалған жасөспірімді ата-анасы бірер сағат жоғалтып алып, кейін мұздай бассейннің ішінде киіммен жатқан жерінен тауып алыпты. Абырой болғанда дін аман. Тағы бір жағдайда қыз бала өз білімінің көрсеткішінен ұялып, бірінші кездескен жігіттің қолынан ұстап, тұрмысқа шығып кетіпті. Әрине, ата-ананың темірдей қатал тәртібі де кейде балаға соққы болып, ойланбай қадам жасатады.
«Қазір тұрмыс қиындап кетті ғой. Қымбатшылық бүйірден қысқанда материалдық жағдайдан өзгені ойлауға мұрша да келмейді. Балалар тасбауыр болып өсіп келеді. Кейде қынжыласың. Тым құрыса айына бір отбасымызбен табиғат аясына шығып, өзім қыздармен, әкесі ұлдармен сөйлесіп, ой бөлісетінбіз. Қазір ол да қалды. Иә, ата-ана ретінде балалардың тәртібін қадағалап, оларға лайықты тәрбие бермесек, кейін еге бола алмай қалатынымызды түсінемін. Өз-өзімізді осылардың болашағы үшін еңбек етіп жүрміз деп жұбатамыз. Бірақ шындығы сол болашақтың ертең емес, бүгіннен бастап қаланатыны ғой. Өмірдің ақиқаты осы. Біз сияқты көптеген ата-ана тілін тістеп жүр. Ертең бармағын тістейтінін өздері де біледі. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады». Ортада қалайын десең, екі қайықтың басын ұстап, суға кетесің. Қайтеміз. Бірыңғай рухани тәрбие беріп, жанында отырайын десең, ол балаға азық болмайды. Аш адамның миы жұмыс істемейді ғой», – дейді Айгүл есімді ата-ана.
«Қазір ата-аналар көбіне жұмысбасты. Балалармен уақыт өткізбейді. Зерттеулерге қарасақ, Қазақстандағы әрбір үшінші отбасы баласына көңіл аудармайды. Баласын тыңдамайды, өз ойымен бөліспейді», – деген психологтың сөзінің де, әлгіндегі ата-ананың да сөзінің жаны бар. Бірақ бір амалын таппаса болмайтыны анық.
«Ата-ананың айтқан сөзінің өзі баланың психикасына әсер етеді. Біз көбіне дастарқанның басында бала отыр ғой дегенді ұмытып кетеміз. Баламыздың көзінше проблемаларды талқылай береміз. Ақша жетіспей, кредиттің төленбей жатқанын, ері мен әйелінің арасындағы қарым-қатынасты айта береді. Материалдық тұрғыда баланы қамтамасыз етеді де, рухани қолдауды ұмыт қалдырады. Өкінішке қарай. Осы жерде айта кетейін, тәжірибемде бір қыз бала болды. Өзі осында, анасы Астанада жұмыс істейтін. Үнемі хабарласқанда қызына «Астанада қыс ерте түсті. Өзіме етік аларға да қаражат жоқ. Бар ақшамды саған салып жатырмын» деп айтады екен. Ол қыз маған келіп «Апай, өмірмен қоштасқым келеді» деді. Себебін сұрағанымда «Анама артық жүк сияқтымын. Мен болмасам, өз ақшасын өзіне жұмсар еді» деді. Бәлкім, оның анасы баласына мотивация бергісі келіп айтқан болар, бірақ ол баланың қабылд­ауына байланысты. Ата-аналарға айтарым, балаларға айтатын сөзге, олардың қатысуымен айтылатын әрбір сөзге абай болса… Ол баланың психикасына қалай әсер етіп жатыр дегенді ойлану керек», – дейді Сымбат Абдрахманова.

Тілші түйіні.
Қоғам дамып, заман жаңарған сайын уақыт шіркіннің жүйріктігі еселенгендей болып көрінеді. Түкке де үлгере алмай жүрген жұртшылықты қазіргі таңда бала тәрбиесі ойлан­дыр­майтын сияқты. Өйткені бала тәрбиесіне бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Қоғамдағы түрлі деңгейдегі форумдар, тренингтер мен іс-шаралар балалар мен ата-аналардың арасындағы жағдайдың жақсаруына, байланыстың артуына белгілі бір деңгейде сеп шығар… Бірақ, «сананы тұрмыс билеген қоғамда» ата-аналар жиналыстан соң қайтадан баяғы қарбаласына кірісіп кете беретіні сөзсіз. Бірақ қайсыбір бала болсын ата-ананың айнасы. Сондықтан сіз дәл өзіңіздің көшірмеңізді қалыптастырып келесіз…

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!