Украина әскерлері қыркүйек айының соңынан бері Харьков, Донецк, Луганск және Херсон облыстарында сәтті қарсы шабуыл жасап келеді. Көптеген сарапшылар мұның соғыстың сипатын өзгертіп жіберетінін және Украина әскері күздің аяғына дейін 24 ақпандағы шекараға жетуі мүмкін деп санайды. Кремльде шиеленіс күшейіп, Ресей билігінің ядролық қару қолдану мүмкіндігіне қатысты әлемнің алаңдаушылығы күшейді. Бұл қауіп туралы Владимир Путин Украинадағы кең ауқымды соғыс басталғаннан бері үнемі сөз етіп келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтемемен.

3 қазанда британдық The Times газеті НАТО барлау көздеріне сілтеме жасап, Ресей Қара теңізде ядролық қаруды сынауға дайындалып жатқаны туралы жазды. Ғаламтор беттерінде ядролық арсеналға, оны сақтауға, ұстауға және тасымалдауға жауапты Ресей Қорғаныс министрлігінің 12-ші бас басқармасына қатысы бар делінетін ресейлік әскери пойыздың Украина шекарасына қарай жылжып бара жатқанын көруге болатын видеолар пайда болды.

Ресейдің ядролық ауқымының үш кезеңі

Австриядағы Инсбрук университетінің халықаралық қатынастар профессоры Герхардт Манготт (Gerhardt Mangott) Ресейдің ядролық қаруды қолдану қаупінің мүмкін екенін айтады. Владимир Путин шынымен ядролық шиеленіске дайындалып жатыр деген қауіп өте үлкен, дейді сарапшы. Әскери пойыздың қозғалысы және Ресейдің «Посейдон» ұшқышсыз су асты көлігін сынау үшін Арктикаға К-329 «Белгород» атомдық сүңгуір қайығын жібергені туралы сол күні пайда болған ақпарат – бұл Ресей президентінің «ядролық жолдауы», дейді Манготт.

«Ресей басшылығы Украина мен Батыс елдеріне Ресей Федерациясының ядролық қаруды қолдануға қабілетті ғана емес, дайын екенін көрсеткісі келеді. Әзірге бұл тежеу құралы, оның мақсаты Украинаның қарсы шабуылын жалғастырудан, ал Батыстың Украинаға одан әрі әскери көмек көрсетуінен сақтау», – деп түсіндіреді сарапшы.

Ядролық қаруды қолдану қаупі Украинаның қарсы шабуылын тоқтату үшін жеткіліксіз болса, екінші кезең халық орналаспаған жерде қаруды жару болады, деп жалғастырды Манготт.

«Сонда Ресей радикалды хабарлама негізінде: «Шабуылды тоқтат!» – деп Қара теңіз үстінде немесе Арктикада тактикалық ядролық қаруды сынауы ықтимал», – дейді ол.

Егер бұл ескерту де сәтсіз болып, Украина армиясы басып алған аумақтарды қайтаруын жалғастырса, Ресейдің Украинада ядролық қару қолдануы әбден мүмкін, дейді австриялық сарапшы. Герхард Манготттың айтуынша, осыдан кейін Путиннің нысанасы әскери емес, бейбіт мақсат, «бәлкім, Украина тылындағы халық тығыз орналасқан аумақ» болуы мүмкін.

Әскери сарапшы және бундесвердің (Германия әскерінің атауы – ред.) бұрынғы полковнигі Ральф Тиле (Ralph Thiele), өз кезегінде, Ресейдің ядролық қаруын шөл далада жаруы тосқауыл бола алмаса, Ресейдің баламасы Украинадағы саяси және экономикалық нысандарға соққы беру әрекеті болуы мүмкін деп санайды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!