Қағазда барлығы мінсіз, ал өмірде мүлде басқа көрініс. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутат Нұртөре Жүсіп айтты.

Сенатор қазіргі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қолдау мәселелерінің өткір тұрғанына назар аударды. Расында, Жаңа Қазақстанды құру үшін өскелең ұрпақ әлеуметтік жағынан қорғалуы керек. Ал бұл жерде, сенатордың айтуынша, Үкіметке, әсіресе, жастарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға қатысты сұрақтар жеткілікті.

«Реформалардың нәтижесі салынатын қаржы мен адам ресурсына тәуелді, сондықтан кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Ал енді елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толыға түсуде. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр», – деді депутат.

Нұртөре Жүсіптің сөзіне қарағанда, жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары тиісті нәтиже бермей отыр, өйткені қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Ал, бұл тәсіл мәселені шешпейді.

«Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген. Нәтиже қайда? Мұның сұрауы кімде? — деп сұрады сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті .

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!