Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Құжатта адам көп шоғырланған жерде, қоғамдық орындар мен әуе транспортында медициналық масканы қолдану жөніндегі нұсқаулық бекітілген.

Жаңа қаулыға сәйкес:

маска кию міндетті болып табылатын медициналық ұйымдарды (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) қоспағанда үй-жайларда міндетті түрде маска кию алынып тасталды;

халық көп жиналатын орындарда, қоғамдық және әуе көліктерінде, ұйымдасқан ұжымдарда медициналық масканы пайдалану ұсыным сипатында қалдырылды;

объектілерде санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтау бойынша ерекше талаптар алынып тасталды.

Қорғаныс, ішкі істер министрліктері мен мемлекеттік күзет қызметі, ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі жеке құрамда коронавирус анықталған жағдайда ошақта санитарлық эпидемиологиялық шараларды атқаруға тиіс.

Қаулының толық мәтінімен денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында танысуға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!