Жиырма жылдан бері тату-тәтті құраласып тұратын құдайы көршім бар. Шаңырақта Жолдас ақсақал бәйбішесімен тұрады. Қолында төрт ұлдың кенжесі Ерлан қалған. Үш немересі ауласында күндіз-түні асыр салып жүреді. Бірде үйден Оразкүл ананың жанұшыра айқайлаған дауысы естілді. Сөйтсек, бір күн бұрын үйден шығып кеткен үлкен немересі Ермек қайтып оралмапты.

Әкесі мен анасы таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан бұл жайсыз жаңалықтан бейхабар. Мазасыз күйге түскен әжей бозарып кеткен. Абырой болғанда сол күні түнде бала ата-анасымен қауышты. Ішкі істер қызметкерлерімен бірлескен ағайын-туыс, көрші-қолаң жабыла жүріп, аудан сыртындағы жұрт «алтын көпір» атап кеткен жерден тапты. Үйден жырақтауына не себеп болғаны белгісіз. Әйтеуір жеткіншек сондай шешімге келген.

Бұл Қазалы ауданында орын алған оқиға. Жасөспірім нендей жағдайға түскен туралы сол күйі жақ ашпады. Әлеуметтік желінің аша қалсаңыз да «Жасөспірім жоғалып кетті», «Үйінен өз бетімен шығып кеткен», «Ата-анасына өкпелеп, кетіп қалған» деген ақпараттардан көз сүрінеді. Тіпті, түнгі қалада да түнделетіп жүретіндердің қатарында да кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер жетерлік.

Өткенге оралсақ, бұрын үйдегілердің үлкені айтқан әрбір сөзді балалары бұлжытпай орындайтын. Ал қазір ата-анасынан қарсы сөз естісе қыңырлық танытып, үйден қашып кететін жасөспірім көбейді. Бесіктен белі шықпай жатып өзімшілдікке салынатын балалардың басынан сөз асырмауына тәрбиенің тізгінін бос жіберген ата-ананы жазғырамыз ба, әлде әдеттегідей кінәні қоғамдық ортадан іздейміз бе? Байыбына барайық.

Тәрбие басы тал бесіктен

Мәселе алдымыздан шыққанда ең әуелі психологтардың статистикасына сүйеніп, айтқанына құлақ түреміз. Ал олар өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер арасында үйден кетіп қалуына себеп көп екенін айтады.

– Жеке тәжірибемде көптеген жасөспіріммен жұмыс істедім. Көптеген бала ата-анасының көңіл бөлмеуінен жылуды басқа адамдардан іздейді. Енді біреулері үйдегі үлкендердің ұрыс-керісі, ата-анасының жанжалынан, ішімдікке салынған отбасынан қашады. Үшіншілері материалдық жағдайдың соңынан кеткен отбасыларда балалар қараусыз қалады. Ал ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Тағы бір ата-аналар балаларын ұнамайтын спорт секцияларына, қосымшаларға беріп қинайды. Сосын үлгерімі дұрыс болмаса аса қаталдық танытып, сабақты күштеп оқытады. Үйдегі осындай қыспақтың соңы да кейбір кездері қашуға ұласады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың үйден қашу себебі өтпелі кезеңде ғашық болу, сезімге ерік беру жағдайымен ұштасады. Көбіне әлеуметтік желінің құрбанына айналу жағдайлары жиілеп кеткен, – дейді балалар психологы Самал Амангелдіқызы.

Сондай-ақ қазір көптеген отбасыда балаларды кішкентай күнінен өзімшілдікке үйретеді. Бұл келешекте қарсы тараптан келетін кері байланысқа алып келуі ғажап емес.

– Мысалы, ата-аналармен сөйлескенімде, енді ғана тілі шығып келе жатқан баланың таңдау мүмкіндігін өзіне қалдыратынын байқадым. Бала күнінен өз қалауымен шешім қабылдап, өзі білгенін істеп үйренген балаға өтпелі кезеңде өзінің қалауын жасатпау өте ауыр соққы. Сондықтан балалардың тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды, – дейді ол.

Таңдау мүмкіндігімен бірге ортақ шешімге келу, баламен үнемі шүйіркелесу, жан дүниесіне үңілуге кеңес берген білікті маман әлем желідегі толып жатқан ақыл-кеңеске жүгіне беруге де болмайтынын жеткізді.

Қараусыз қалған құлыншақ

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, әлемде әрбір алты сағат сайын бір бала жоғалады. Мысалы, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың, АҚШ-та 1,5 миллион, Ресейде 20 мыңға жуық бала із-түссіз кеткендердің қатарына енеді екен. Халық саны бұл елдерден әлдеқайда аз бізде де балалар мен жасөспірімдер жоғалып кететін болып жүр. Ал біздің елде жылына шамамен 300-ге жуық кәмелет жасқа толмағандарға байланысты іс жүргізіледі екен. Бала жоғалу туралы «102» каналына тіркелген қоңыраулардың өзі-ақ мәліметтердің аз емес екендігін көрсетеді. Сайып келгенде із-түссіз кеткен жеткіншектердің статистикасы жыл сайын артпаса, кеміген емес.

Бүгінде жасөспірімдердің қашу дерегі тіркелген бойда ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізеді. Уақытында табылмаған жағдайда оларды іздестіру үшін хабар-ошарсыз кеткендер есебінде тіркеп, іздестіру жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Сондай-ақ ата-аналарын немесе басқа да заңды өкілдерін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тарту көзделген.

Тақырыпқа арқау болған оқиғаны естіген бойда ата-аналардың арызы тіркелген кезде іздеу шараларына кірісетін аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мархабат Бегалиевамен байланысқа шықтық. Әңгімені қысқа қайырған қызылжағалы баламен көп жұмыс жасау қажет екенін айтып, бұдан кейін де баланың үйден қашу себебін анықтау жұмысы жүргізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар осы секілді тағы бір оқиғамен бөлісті.

Айтуынша, жуырда ауданда тұратын тағы да бір өскіннің үйден жырақтап кеткені туралы хабар жеткен. Аудандық ішкі істер қызметкерлері 6-7 сағаттың ішінде табылған баланың көрші үйдің ауласында ұйықтап қалғанын айтады. Демек құлыншақ ата-ана тарапынан қараусыз қалған. Осындайда ала таңнан кеш қарайғанға дейін жұмыста жүретін ата-ана баласының жанында болуды ұмытып кететіні қынжылтады…

«Үйден ұзайтын ұл балалар»

Психолог мамандар осылай дейді. Олар көптеген тіркелген деректің соңынан осындай қорытындыға келген.

– Үйден қашатын жасөспірімдердің қатарында ұл бала көп. Өйткені олар қыздарға қарағанда өздерін батыл сезінеді. Бірақ бұл – қате ұғым. «Өзім білемге» салынатын қыз балалар да баршылық. Олардың дені әлеуметтік желі арқылы бір көрген адамның соңынан ілесіп кеткісі келеді. Сол үшін біз ата-аналарға балалар ұялы телефонда не көріп, қандай тәрбие алып жатқанын қадағалауды айрықша сұраймыз. Әрбір ата-ананың бақыты – бала. Сондықтан болашағына алаңдайтын жандар мұндай маңызды мәселелерге бейжай қарамауы қажет, – дейді ол.

Сөзін түйіндеген мамандар балалардың қашу себебін ата-ана өздерінен іздесе екен деген тілегін жеткізді. Өйткені тәрбиенің басы тал бесіктен басталады. Өсіп келе жатқан жеткіншектің қателікке жол беруі түсінікті, ал сол қателікті қайталамау үшін де үлкендер дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруі керек. Қазақ «алдыңғы арбаның дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сол жақа бұрылатынын» қалай біліп айтқан дерсің осындайда.

«Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін». Бұл әрбір ата-ананың бауыр еті баласына деген шын тілегі. Көзінің ағы мен қарасы, үкілеп өсіріп отырған ұл-қызынан айырылудан асқан ата-ана үшін ауыр қасірет жоқ. Сондықтан қадағалауды қаперден шығармау қажет.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!