Электр энергиясы – жер шары тұрғындарына берілген үлкен нығметтің бірі. Ол адамдарға қауіпсіздік пен жайлылық сыйлаудан бастап, түрлі технологияның жасалуына, мегаполистердің дамуына жол ашты.

Әрине, ғылымға ден қойған, батыл әрі іскер жандар электр энегиясының әр ғимаратқа тұрақты жетуіне себепкер болатыны рас. Энергетика саласындағы сондай білікті маманның бірі – «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК, «Электротехникалық қызметі» бөлімінің инженері Қайрат Нуратдинов.

Қайрат Тажетдинұлының айтуынша бұл салада қызмет ету үшін логикаң мықты болуы керек. Яғни, ғылымға негізделген энергетика саласы әр қадамды алдын ала ойлап, жоспарлауды қажет еді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде энергетика саласы бойынша білім алған ол үздік шәкірттердің бірі болды. Ал «Қызылорда жылу электр орталығында» өндірістік практикадан өту барысында студент ретінде тәжірибе жинап қана қоймай, болашақта осы саладағы мықты маман боламын деген мақсат қойды. Өте күрделі энерго жүйесімен жабдықталған «Электроцех» бөлімі Қайрат Тажетдинұлының шыңдалуына, білім алуға деген ынтасының арта түсуіне себеп болды. Ал арада бірнеше жыл өткесін ол дәл осы орталықтың қызметкері болып жұмысқа қабылданды.

Энергетика саласының өкілі жасөспірім шағында ұшқыш боламын деп армандапты. Армандап қана қоймай, нақты қадам жасап, талапкерге арналған сынақтан да өткен екен.

– Негізі бала кезімнен-ақ арманым әскери ұшқыш болу еді. Сол бағытта көп еңбек етіп, спортпен айналысып, физикалық тұрғыда дайындалдым. Оқу бітірген соң Ақтөбе облысындағы Т.Бигелдинов атындағы әскери ұшқыштарды оқыту академиясына құжат тапсырдым. Медициналық тексерістен өту барысында кан қысымымның нормадан жоғары болуына, яғни 130/80 мм.рт.ст. көрсетуіне байланысты АКТ толтырылды.

Жалпы энергетика саласын таңдауыма өзгелер ықпал еткен жоқ. Жоғары оқу орнына құжат тапсыру барысында алдымда бірнеше мамандық тізімі тұрды. Энергетика болашақтың мамандығы екенін ескеріп, физика мен математикаға жақын екенімді ойлап, осы мамандықты таңдауға шешім қабылдадым. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде тәжірибелі әрі түсінігі мол ғалымдардан білім алып, лекцияларына қатысып, бұл саланы жақсы меңгердік, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл салада ең басты талап – қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және мамандардың біліктілігін жүйелі түрде арттыруы. Расымен де, энергетика саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал күн райы өзгеріп, жылу маусымы басталған сәтте жұмыс та қарбаласып, қыза түседі. Сондықтан үнемі тәуекелге бел буып, батылдықты серік еткен жандарға елдің де айтар алғысы ерекше.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!