“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК бас директоры Болатбек Айтбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, қайта жаңғыртудан өткен “Қызылорда-Жезқазған” автожолының ашылу рәсіміне қатысты. 3 жылға созылған ауқымды жобаны аймақ жолшылары мерзімінде аяқтап, республикалық маңыздағы тасжолдың 192 шақырымы пайдалануға берілді.

Жалпы күрежолдың құрылысын филиал мамандары жіті бақылап, нормативтік талаптарға сай болуын қатаң қадағалады. Мәселен,биылдың өзінде мамандар жылжымалы зертханамен 87 мәрте тексеруге шықты. Және жол құрылыс материалдарынан 598 сынама алынды. Оның ішінде, 475 сынамасы нормативтік талаптарға сай келген. Ал зертханалық тексеру кезінде анықталған 60 ақау бойынша мердігер компаниялар қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, олқылықты уақытында түзеткен. Айта кету керек, еліміздің оңтүстігі мен орталығын жалғайтын ең төте автожолдың құрылысына 80 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Егер, 5 жыл кепілдік мерзімі бітпей жатып трассаның асфальт жабындысы сыр беріп жатса мердігерлер өз қаражатына қайта қалпына келтіретін болады.

Сондай-ақ, бас директор Болатбек Қобыланбекұлы филиал жұмысымен танысып, ұжыммен жиын өткізді. Биыл атқарылған жұмыстар сараланып, өз қызметін абыроймен атқарған жергілікті мамандарға алғысын білдірді. Және алдағы жоспар-міндеттер бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қайта жаңғыртудан өткен «Қызылорда-Жезқазған» автожолының сапасы қандай?

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!