«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.
Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, өзінде барды өзгелермен бөліскен.
Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес. «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Алайда олай дейтіндер қатты қателеседі.
Халық игілігі үшін сауапты іс жасап жүрген жандардың бірі – Талғат Дәулетов. 2022 жылы «Рухани жаңғыру» аясында халықты имандылық пен тұрақтылыққа үндеген тағы бір игі іс өмірге келген болатын. Яғни Сырдария ауданының Жетікөл ауылында жаңа мешіт бой көтерді. «Жетікөл» имандылық үйінің салыну барысына қаржылай қолдау көрсеткен «Компания Дәулет Азия» ЖШС құрылтайшысы Талғат Дәулетовке жұртшылық өз ризашылығын білдірді. Ауыл мешітінің ашылу салтанатына шақырылған қонақтарға жаңа мешіт ғимараты таныстырылып, соңынан Құран бағышталды. Сонымен қатар бас имам демеушілерді алғыс хатпен марапаттап, қасиетті Құран кәрімді сыйға тартты. Қыпшақ Алтыбас аталығының үлкендері Талғат Дәулетовтың анасына сый-сияпат көрсетіп, шапан жапты.
Алайда бұл кәсіпкердің жасаған игі ісінің бір бөлігі десек те болады. Сонымен қатар, Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылдық округіне қаржылай көмек көрсетуде. Жетікөл ауылының шаруашылығының дамуына өз үлесін қосты. Тіпті жыл сайын балалар үйі мен қарттар үйіне де көмегін аямайды. Атап өтсек Талсуат ауылдық округіндегі «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының» қызмет алушыларын керекті құрал-жабдықтармен, техникалармен қамтамасыз етуде.
Қайырымдылық – адамзат баласын біріктіретін, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құндылық. Әрқайсымыз айналамызға жанашырлық танытып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсете білсек әлем мейірімді және жарқын бола түседі. Жақсылық жасау – адамның ең асыл қасиеті, сондықтан әрбір адам бұл ізгі амалдан шет қалмауы тиіс.
«Қайырымдылық – адамгершіліктің айнасы». Қай кезде де осы ұстанымды жүрек түкпірінде ұстау – нағыз ізгілік жолы.
Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!