Тазалық – қоғамның шын бейнесі. Қала, аудан, көше, аула, үй, дене және сана. Бұл дүниелерге деген қарым-қатынас адамның ішкі құрылысын дәлме-дәл сипаттай алады. Себебі адамның табиғатқа, өзіне, тұрмыс жағдайына деген көзқарасы оның санасы мен өмірлік идеалы туралы біраз ой толғайды. Ойы таза, жүрегі жылы адамдардың айналасына деген қарым-қатынасынан оның сезімін, ниетін біле аламыз.

Тәрбие бастауы – тазалық

Ағаштар жеңілдеп, жер сары түске боялған қыркүйек айы. Мектептен қайтып бара жатып, жолдан үйіліп-төгілген қоқысты байқадым. Үстінде жазу: «Қоқыс тастамаңыздар, бейнебақылау жүргізіледі». «Қоқыс қоятын басқа жер табылмады ма?» деген ойға қалдым. «Әйтеуір жиналар» деп ойладым. Бірақ келесі күні тағы да қарасам, саны азаймаған, қайта көбейген. Оның ішінде тұрмыстық өмірде қолданылатын дүниелер. Көшедегі үйлердің қоқысы. Тұрғындар бір жерге қоқысты үйіп қоя берген екен. Біршама алаңдатқаны – көше соңында мектеп орналасқан, балалардың әлемге деген алғашқы көзқарасы қалыптасатын жерде осындай оқиға орын алып жатыр. Мектеп оқушысы тұлға ретінде қалыптасуда, сол себепті көбіне өзінен үлкендердің істеген ісін қайталайды. Оның ықпалынан бала тазалық ұғымын дұрыс қабылдай алмайды. «Егер үлкендер тазалық сақтамаса, неге мен сақтауым керек?» деп сол өнегеге сүйеніп кете береді.

Қазір балалар көрген жеріне қоқыс тастап кетеді, жан-жағына қарамайды. Кейде қоқыс жәшігі қалдық жатқан жерден сәл ғана қашықта орналасып тұрады.

Біз балаларға «тиянақты бол» деп тәрбие беруге тырысамыз, алайда өзіміз ешбір қағиданы ұстанбаймыз. Баланың санасы айтылған сөзге емес, көрген іс-әрекетке қарайды. Естігені бір бөлек, ал тірлікте көргені оған қарама-қарсы болса, болашақтан не күте аламыз? «Болашақ жастардың қолында» дейміз, бірақ жастар тәрбиесі – оларды өмірге бейімдейтін аға буыннан басталады.

Кейде жақсы қызметтегі, ұжымға үлгі болған кісілерден де үлкен мін табуға болады. «Мен қоқыс жинап жүріп дәрежемді түсірмеймін, біреудің артынан жинау маған жараспайды» деп ойлайтындар бар. Бірақ шын кісіліктің өлшемі – ұсақ істерден байқалады.

Болмысты түсіне білген, өмірін өкінішсіз өткізген Бейсен ағамыздың басынан мынадай оқиға өткен.

«Жетісу» телеарнасының басшысы болып отырғанда, оның кабинетіне бір қызметші шағым айтып келеді:

«Мұндағы жұмыс істейтін адамның бәрі – көзі ашық, оқыған азаматтар. Бірақ дәретханада тазалық сақтамайды. Қалай болса солай кіріп шығады. Ескерту жасап көрсем, «Сен жинауға тиіссің! Жина! Сол үшін жалақы отырсың ғой», деп өзімді сөгеді».

Бейсен Құранбек ертеңіне жиналыс жасайды: «Тазалықшылардың бәрін жұмыстан босатамын. Тілшілер мен басқа қызметшілер кезекпен дәретхана тазалайтын болады. Әйтпесе өзіміз қоқыстың астында қаламыз», — дейді.

Бәрі шулап: «Бұл қайдан шыққан тәртіп?!», «Болмайды олай!» деп даурығып кетеді. Содан ол: «Бір екі күн дәретхана тазаланбаса, не боларын өздерің де сезіп отырсыңдар. Ондай жерде жұмыс істегілерің келмейді. Ал сол жерді тазалайтын адам мен оның еңбегін менсінбейсіңдер. Өздеріңді тазалықшының орнына қоя алмайсыңдар. Сондықтан оны бағалап, ісіне құрмет көрсетейік», – дейді.

«Тазалық өзіңнен басталады» деген қағида осы жерде айқын көрсетілген. Көпшіліктің ойы: «Мен тастаған бір қоқыстан әлем өзгермейді». Бірақ оның артынан ұжымдасы, танысы, баласы қайталайды. Кішкентай істің өзі кейін үлкен дағдыға айналады. Сол себепті әр істі игілікті жасау қажет.

Қызылорда қаласында әкімшілік тарапынан сенбіліктер, тазалық шаралары жиі жүргізіледі. Байқағаным, тіпті аудандарға апарар жолдар түзеліп, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасалған. Алайда шара өтіп болғаннан кейін қала тұрғындары тарапынан тазалық сақталмайтын кездер болады. Сондықтан тазалық мәселесі үнемі қозғалады. Ең бастысы – тазалық тек мемлекеттің мойнына жүктелген іс емес, ол тұрғындардың да қажеттілігіне жататын, тұрмыс- тіршілігінің ыңғайын қамтамасыз ететін құрал екенін түсінуіміз керек.

Тазалық ұғымы тек физикалық тұрғыдан айтылатын іс емес. Әдемі киініп, таза жүру – бұл тек айсбергтің ұшы ғана. Нағыз тазалық – рухани. Оған өзіңді қоғамда әдепті ұстау, ойыңды жеткізгенде жағымсыз, ерсі сөздерден аулақ болу, өзгеге дөрекі сөйлемеу жатады. Жүрегі мен ойы таза адамның жан-жағы да таза боларына күмәнсіз сенемін. Себебі ойымен үйлесім тапқан адамның тәні де, ісі де соған сай келеді.

Сіздің бүгінгі таңдауыңыз – болашақтың қамына жасалған ізгі іс. Кейінгіге тазалық мәдениетін, сөйлеу әдебін, қарапайымдылықты қалдыра алсақ, ол міндетті түрде ұрпақтан-ұрпаққа таралатын алтын мұра болып қалады.

Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!