Алғаш кездесу – ғашықтар үшін өте маңызды. Ол сәт он жыл өтсе де, жиырма жылды артқа тастаса да ұмыт болмайды. Кейін ол естелік ретінде балалар арасында ұзақ айтылатын оқиғаға айналады. Өздеріңіз білетінде жақында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні». Мейрамға орай біз оқырмандарымыздың махаббат хикаясы туралы баяндап береміз.

Қалай таныстыңыздар?

Аралбек&Салтанат

 – «Әр таң сайын менің күнім ерекше көрініспен басталатын. Мектепке қарай асығып бара жатқан жас мұғалімді, яғни анаңды көру үшін әдейі күтетінмін» деп қыздарыма жиі айтып тұрамын. Ол біздің үйдің алдынан өткенде, айнала нұрланып сала беретін. Қыздың жүрісіне, қолындағы дәптерлерге қарап, бұл қыздың менің болашақ жарым екенін іштей сездім. Сырттай бақылап жүре бермей, бір күні батыл шешім қабылдадым. Үлкендерді жинап, болашақ жарымның үйіне құда түсіп бардым. Тәуекел жасағаннан кейін түсінгенім – жар таңдаудан қателеспедім. Осылайша, өзім сүйген аруды шаңырағыма алып келдім. Содан бері екеуміз бір түтін түтетіп, бақытты ғұмыр кешіп келеміз, – дейді кейіпкеріміз Аралбек.

Қалай таныстыңыздар?

 Ерасыл&Дильназ

2024 жылдың күзі кейіпкерлеріміз үшін Қорқыт ата университетінің табалдырығын аттап, арман қуған студент атанған кез. Дильназ және оның құрбысы осы университетте бірге білім алады. Бірақ мамандықтары екітүрлі. Бірде Дильназдың құрбысының қолындағы альбом оның тағдырын күтпеген арнаға бұрады. Суреттегі бейнені актрисаға ұқсатқан Ерасыл әлеуметтік желі арқылы сүйген қызымен хат алмасып жүреді. 30 қазан күні алғашқы кездесуге шақырады. «Бір-бірімізден қысылып, ұяла сөйлескен сол тәтті сәттер әлі күнге дейін есімде» деп еске алды Дильназ. Оның айтуынша, Ерасыл күнделікті оқуға апарып, қамқор болған. Арада сегіз айлық үзіліс болса да, сағыныш пен жылы естеліктер ғашықтарды қайта табыстырды. 2025 жылдың қазан айында Ерасыл ресми түрде сезімін білдірді. Жақында бірге болғандарына 1 жыл 5 ай толды. «Қиналғанда демеу болып, қуанышыммен бөлісетін аяулы жанның жылы сөздері маған шабыт береді. Біз бірге күліп, бірге мұңайып, бақытты болуға талпынамыз» дейді олар.

Қалай таныстыңыздар?

Қамбар&Әдемі

Ауылдың бір көшесінде, қарама-қарсы орналасқан екі үйдің арасы небәрі екі-үш минуттық қана жер. Осы көрші үйлерде Әдемі мен Қамбар есімді екі жас тете өсті. Олар мектеп табалдырығын бірге аттап, бір сыныпта білім алды. Әдемі Қамбардан алты-жеті ай үлкен болса да, бұл жас ерекшелігі Қамбардың жасөспірім шағынан басталған ғашықтық сезіміне еш кедергі бола алмады. Қамбар сүйіктісіне ұзақ уақыт бойы сезімін білдіріп жүрсе де, Әдемі «Мен оған ешқандай мүмкіндік бермедім» деп сол бір тәтті күндерді әлі күнге күлімсіреп еске алады. Қамбар тоғызыншы сыныптан соң мектептен кетсе де, көңіліндегі махаббат оты сөнген жоқ. Әдемі оқуын жалғастырып, студент атанған шақта да Қамбардың табандылығы азаймады. Шешуші сәт 1993 жылдың 1 маусымында туды. Бұл – Қамбардың тура 18 жасқа толған күні еді. Дәл осы айтулы күні ол дәстүрден аттамай, үлкендердің бастасын алып, сүйіктісін қазақтың байырғы дәстүрін ұстанып, алып қашып кетті. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде елудің бесінен асқан Қамбар мен Әдемі – алты бала тәрбиелеп отырған берекелі, үлгілі шаңырақтың иелері. Көрші екі үйдің арасындағы кішкентай ғана шақырым екі жастың тағдырын мәңгілікке тоғыстырған махаббат көпіріне айналды.

М.НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!