Баланың алғашқы қадамы – әр ата-ана үшін ең маңызды сәттердің бірі. Ол бүлдіршіннің өз денесін игере білуі деп білеміз. Бірде ол тез, бірде баяу. Алайда кейінгі кездері балалар арасында түрлі ауру кездеседі. Біз бұл тақырыптан қашамыз. Бірақ қоғамда мұндай жағдайлар жиілеп барады. Ата-ана күдерін үзіп, баласының тәй-тәйін аңсап жүргенде «қозғалыс терапиясы» туралы хабар жаңа үміт сыйлайды. Бұл медицинадағы сиқырлы жаңашылдықтардың бірі десек қате болмас.
Бүгінгі біздің кейіпкер де дәл осы мәселені басынан кешірген. Кішкентайында дәрігерлер одан күдер үзіп, келешегіне кері болжам айтқан. Ал қазір ол жүзден жүйрік, ісіне адал, денсаулығы мықты жан. Есімі – Қанат Баймұрат. Қанаттың тәжірибесімен танысу және терапияның барысын көру үшін кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.
– Балалар терапиясы саласында қанша жылдан бері жұмыс істеп келесіз? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Мен балалар терапиясы саласында төрт жылдан бері жұмыс істеп келемін. Негізгі бағытым – емдік және бейімделген дене шынықтыру (АФК, ЛФК) және сенсорлық интеграция. Бұл мамандықты кездейсоқ таңдамадым. Мұқтаж жандарға көмек қолын созу мүмкіндігі мені бала кезімнен тәнті ететін. Сондықтан оны өмірлік жолым деп қабылдадым. Адамның қозғалысы, жүйке жүйесінің жұмысы және даму барысы мені спорт саласында жүргенде-ақ қатты қызықтыратын. Оған қоса, өзімнің жеке диагнозым да бұл салада білімімді ұштауға түрткі болды.
– Жұмыс барысында қандай әдістер мен тәсілдерді қолданасыз?
– Жұмыс барысында ешқашан бір ғана қалыпты әдіске сүйенбеймін. Әр бала – дара. Сондықтан бағдарлама баланың диагнозына, оның қабылдау деңгейіне және ата-ананың нақты сұранысына қарай жеке құрас тырылады.
Терапиядағы негізгі құралдарым: АФК және ЛФК (емдік және бейімделген дене шынықтыру), сенсорлық инте гра ция, вестибулярлық стимуляция және проприоцептивті жүктеме, ұқсақ және ірі моториканы дамыту және эмоциялық регуляциялау техникасы.
Бірақ әдіс-тәсілдерден бұрын менде бұлжымас қағида бар. Ол – балаға ерік беру, қыспау. Егер баланың жүйке-жүйесі стресс күйіне енсе, қорқыныш сезімі бой алса немесе бала жыласа жаттығуды күшпен жалғастыра алмаймыз. Алдымен баланың эмоциясымен жұмыс істейміз. Себебі терапия – бұл тек бұлшықетпен емес, ең алдымен жүйке жүйемен жұмыс.

– Балалардың өз әлемі бар. Олармен тіл табысу кейде қиындық тудырады. Сіз жұмыс барысында қандай қиын дықтармен кездестіңіз?
– Әрине, қиындықтар болады. Бірақ шынымды айтсам, ең үлкен қиындық баламен емес, кейде атаананың үміті мен күтіміне байланысты. Көп ата-ана терапиядан тез нәтиже күтеді. Оларды да түсінуге болады, әркім өз баласының тезірек қатарға қосылғанын қалайды. Алайда бұл өте ұзақ процесс.
Ал баламен тіл табысуға келсек, ол үшін шексіз шыдамдылық, эмпатия және қауіпсіз орта қажет. Бала сіздің оған жамандық жасамайтыныңызды сезінуі тиіс. Егер ол сізге сенсе, кез келген қиын жаттығуды ойнап жүріп орындайды.
– Терапия барысында ата-ананың рөлі қандай?
– Ата-ана – терапияның 50 пайызы, тіпті одан да көп десем қателеспеймін. Баланың дамуы тек орталықтағы аптасына 23 рет болатын бір сағаттық сабақпен шектелмеуі керек. Оның негізгі даму ортасы – өз үйі.
Егер орталықта жасалған жұмыс үйде жалғасын таппаса, нәтижені ұзақ күтуге тура келеді. Ата-ана маманмен бір команда болғанда ғана үлкен жетістікке жетеміз.

– Сіз үшін кәсіби жетістік деген не? «Еңбегім ақталды» деген бір сәтті баяндап берсеңіз.
– Мен үшін үлкен жетістік – кішкентай өзгерістерден басталады. Мысалы бала кеше ғана басын ұстай алмаса, бүгін денесін тіктейді, визуалды байланысты сәл ұзағырақ ұстайды, кеше жүруге қорықса, бүгін сенімді қадам жасайды. Қарапайым адамдар үшін бұл ұсақтүйек болып көрінуі мүмкін, бірақ ерекше баланың атаанасы мен онымен жұмыс істейтін маман үшін бұл – тауды бағындырғанмен тең.
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой. Кейде орынды айтылған бір ауыз сөз баланың немесе ата-ананың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жағдайлар болды ма? Сіздің тәжірибеңізде сөздің осындай күшін байқаған сәттер болды ма?
– Шынында, кейде баламен жұмыс істейтін жаттықтырушының сөздері ата-ана үшін тірек пен қолдау бола алады. Менің аналарға жиі айтатыным – әрдайым мықты болу міндетті емес. Осы сөзді естігенде көп аналардың ішіндегі шері тарқап, жеңілдеп қалады.
Ең бастысы – өзіңізге және балаңызға шынайы болу, оның болашағына сену және оны ешқашан ешкіммен салыстырмау. Балаңызды тек өзінің кешегі күнімен ғана салыстырыңыз. Үнемі жасай алмайтын нәрселеріне байланып қалмай, жетістіктерін көре білу маңызды. Ата-ана қолында бар нәрсені бағалап, шүкір ете бастағанда, оның өзіне де психологиялық тұрғыдан жеңіл болады. Ал анасының тыныш, бақытты күйін сезінген баланың дамуы да екі есе жылдамдайды.
– Рақмет!
Сұқбаттасқан Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!