Қарағанды облысы Нұра ауданың диқандары биыл өнімсіз қалғалы отыр. Себебі аудандағы 350 мың гектарға жуық егіс алқабына жүз мыңдаған киік кірген. Ірі қожалықтар олардан өз күшімен қорғанып жатса, жекелеген диқандар қаптаған киікке шамасы жетпей отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК ақпаратына сүйенсек, сан мыңдаған ақбөкен оттаған алқап тып-типыл болған. Жалпы Нұра ауданының егіндік жерінен бүгінге дейін 250 мыңнан аса киік өткен. Бұл басы ғана екен. Көршілес Ақмола обысынан Нұра ауданына қарай кешелі күндері қуылған тағы жарты милиионға жуық ақбөкен ағып келеді. Ауыл жұртының да діңкесі құрыды. Дәрменсіз күйге түскен диқандар түздің сәні саналған бұл жануарды қазір жек көре бастаған.

«Бір жағынан шығарсақ, бір жағынан кіреді. Ие бола алмай жатырмыз. Рахмет,»Охотзоопром» инспекторлар да келіп көмектесіп жатыр, бірақ бұл кісілер де ие бола алмай жатыр. Қайдан егеміз, кім үшін егеміз, киікке ме?! Үкіметтен қаншама кредит алып жатырмыз, оны күзде бізге кім жауып береді?».Әнуар Мұсаев, диқан

Бір жыл бұрынғы ресми ақпарат бойынша, тікұшақпен жүргізілген санақ Қазақстандағы киік саны 2 миллион 800 мың бас екенін анықтаған. Биыл оның өсімі 40 пайыз бағдарында екен. Ақбөкеннің жартысы орталық Қазақстанда жайылып жүр. «Ұлғайған санын реттеу керек, бірақ асыра сілтеу болмасын» – дейді мамандар.

Ал диқандарға келген шығынды ешкім өтемейді. Өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасы киік құртты дегенге «өтемақы заң жүзінде қарастырылмаған» дейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!