Қарағанды қаласында көшедегі дәмхана киоскісінде газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна«.
Оқиға 22 қаңтар күні Ермеков көшесінде болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, киоск ішінде тұрған көлемі 17 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасы жарылып, артынан өрт шыққан.
«Оқиға салдарынан күйік белгілері бар төрт адам зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға салдарынан сауда нысанының ішкі және сыртқы қаптамасы, жиһаздары мен тұрмыстық техникасы зақымданды. Жалынның таралу аумағы шамамен 30 шаршы метрді құрады. Қауіптің ұлғаюына жол бермеу үшін көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллоны жедел түрде сыртқа шығарылған.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, үш пациент жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр деп бағалануда. Тағы бір науқас орташа күйік шалумен түсіп, комбустиология бөлімінде ем алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!