Қарағандылық Аяулым Ерболатқызы облыстағы Абай ауданына қарасты полиция қызметкерлерінен қорлық көргенін айтып, көз жасына ерік берді. Бойжеткеннің сөзінше ол учаскелік полицейлердің күштеуімен «жігітім достарымен бірге мені зорлады» деп арыз жазылған планшетке, қол қоюға мәжбүр болған. Ал оның жуық арада үйленеміз деп жүрген жігіті, қыз зорлау ісі бойынша достарымен бірге қазіргі күні екі айдан асыпты, тергеу абақтысында жатыр, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Аяулымның жасы 21-де. Өзі 2 жасында ата-анасы айырылысып, әкесімен ата-әжесінің тәрбиесінде қалған. Қарапайым ғана қыз құқықтық сауатым болмағандықтан, шенді адам дауыс көтере сөйлегенде қорыққаннан, үш адамның өміріне балта шаба жаздадым деп өзін кінәлайды. Өйткені, жігіттер тергеуге жеткізілген сәттен бастап Аяулым дабыл қағып, мұндай сұмдықтың болмағанын айта бастаған. Тергеушілер » Онда жалған айып таққаның үшін 10 жылға өзің қамаласың» деп сес көрсеткен.
Аяулым өз қатесін жігіттерге үкім оқылмай жатып реттеуге тырысып адвокат жалдаған. Прокуратура есігін қаққан. Бірақ нәтиже болмапты. 21 жастағы супермаркет сатушысы осы мәселе бойынша журналист Сәуле Әбілдаханқызына жағдайды толық баяндап берген.
«Биыл қыркүйек айында Нағифулла деген жігітпен танысып, екеуі бір-бірін ұнатып, жақын араласады. Жиі кездесіп, жігіттің пәтеріне барып, тамағын пісіріп, кірін жуып, етене жақын болып кеттік, дейді Аяулым. Ерлі-зайыптылар сияқты бірге жатып, бірге тұрып жүргенін айтып отыр.
«Нағифулла Қызылорда облысының жігіті, біздің ауылға ағасы Нығметулламен, Бекжан деген досымен бірге келіп, объём алып, құрылыста жұмыс істеп жүрген. Күздің соңында жұмысты бітіріп, ауылға әкетем, үйленеміз деп жүрген едік» дейді.
Шайтан азғырам десе, бір-ақ сәт…
7 қазанда сол үш жігіт, бес қыз (Аяулымның әпкелері мен құрбылары) кешке кафеде кездесіп, ішіп-жеп, түнделетіп тарқасады. Аяулым жігітімен әдеттегідей олардың жалдап тұрып жатқан пәтеріне барады. Сол жерде жанжал шығады.
Аяулымның айтуына қарағанда, Бекжан деген жігіт «менің қалтамда ақша болған, кафеде сенің қасыңдағы қыздар ақшамды ұрлап алды, әпкеңді тауып бер» деп бұны қолынан жұлқылап, «разборка» ашады. Сол кезде жігіті Нағифулла «сен сыртқа шыға тұр» деп, Аяулымды есіктен шығарып жібереді.
«Мен қатты қорыққаннан әрі жігіттер төбелесіп, ерегес ушығып кете ме деп, далада тұрып полиция шақырдым. Үш полиция келді де мені бөлімшеге алып кетті. Үйге кірген жоқ, жігіттерді көрген жоқ. Мені бөлімшеге әкелген соң өздері компьютерде жазып, планшет сияқты бірдеңеге оқытпастан қол қойдыртты. Қысқасы «Осы үш жігіт мені зорлады» деген арызға қинап қол қойдыртты.
«Ана жігіттер есікті ашпай жатыр, сен бірге жүр, саған есік ашады» деп мені қайтадан сол жерге апарып, есік қақтырып, ашқызып, таң ата үшеуін тұтқындап, полиция бөліміне әкелді.
«Осы үшеуі зорлады, ұрды деп арыз толтырасың» деді. «Мені ешкім зорлаған жоқ, үйленеміз деп жүрген жігітім, арызымды қайтып аламын» деп едім, мені сөйлетпей, айғайлап, «онда жалған арыз бердің деп өзіңді 10 жылға қамаймыз» деген соң қатты қорқып, не істерімді білмедім… Бізді бірге экспертизаға апарды. Мені ешқайда жібермей, 4-5 күн бойы РОВДда ұстады, анда апарды, мында апарды, тіпті сол жерде кабинетте қонып жүрдім, полицейлер соткамды да алып қойды, әлі қайтарған жоқ…» дейді Аяулым.
Шақшадай басы шарадай болған шынашақтай қыздың психологиялық күйзеліске түскені көрініп тұр…
«Мені ешкім зорлаған жоқ, ондай арызды полиция күштеп жаздырды, сауатсыздығымнан сол арызға оқымастан қол қойғаным үшін кешірім сұраймын, жігітімнің де, басқалардың да түрмеге кеткенін қаламаймын, біз үйленеміз деп жүргенбіз» деп көз жасын көл қылып Аяулым отыр…»,-деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.
Фотосурет пен мәтін дереккөзі: kyn.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!