Гүлденген Қызылорданың артында үлкен еңбек жатыр. Бірнеше бригада қала тазалығы мен абаттануына атсалысып, маңдай терін төгіп жүр. Күн сайын қала көшелеріндегі тынымсыз тіршілік көз алдымызда. Иә, иә, олар бір тынбайды. Бірде гүл егеді, тағы бірде газон төсейді. Ал одан қалған уақытта ескерткіштерді, скверлер мен аллеяларды тазартып жүреді. Қаракөз Арапханова – осы қатарда еңбек етіп жүрген жан.

Ол – қала іргесіндегі Қоғалыкөл ауылының тұрғыны. «KAZSTROYCAPITAL Kyzylorda»компаниясы өңірге келгенде алғашқылардың бірі болып елді мекеннен 18 адам жұмысқа орналасқан. Осы күні мекеме қызметкерлердің қатынауына арнайы автобус қарастырыпты. Таңертең бәрі бірге жұмысқа келіп, кешкілік бірге үйді-үйге тарайды.

– Бір үйдің адамындаймыз. Таңертең көлік үйімізден алып кетеді. Кешкілік апарып тастайды. Бізге жұмыс көп. Гүл егуден бастап, тазалықпен аяқтаймыз. Қарап отырсақ, қаладағы көп скверлер мен аллеялар қараусыз қалған екен. Осы кезде жаны кіріп қалғандай. Ал еңбегің еленіп, Қызылорданың тазалығын тілге тиек етіп жатса, төбем көкке жеткендей қуанамын. Өйткені оның артында біздің тынымсыз еңбегіміз жатыр, – дейді Қаракөз Әділбекқызы.

Қаракөз АРАПХАНОВА: Қызылорданы таза қала дегенде төбем көкке жеткендей қуанамын

Білікті маманның айтуынша, мекеме мен қызметкерлер арасында бес жылға келісім бар. Оның ішінде кезекті еңбек демалысы да қаралған. Айлық жалақы да жоғары, астарында көлік, түскі аспен де қамтамасыз еткен.

– Әрине, келе сала гүл егіп, іске кірісіп кеткен жоқпыз. Тәжірибе жинадық. Гүл егудің, оны көшеттеп, орналастырудың өзінің тәртібі бар. Бізде міне ектік бітті деген ой жоқ. Одан әрі гүлденіп, қалаға сән беріп тұрғанын қалаймыз. Біздің қатарымызда жас маманнан бастап 75 жасқа толған зейнеткерлер де бар. Олардың әрқайсысы өз істеріне машықтанған, – дейді қоғалыкөлдік келіншек.

Айтуынша, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, көрінбей, көзден таса жүретіндер жоқ. Өйткені, қайда, не істедің – бәрі нәтижеден көрініп тұратын жұмыс. Еңбектің еленіп, құрмет төріне шығатын сәттері де жетерлік. Таяуда ғана көрші бригада қала әкімі Нұржан Ахатовтың арнаулы алғыс хатымен марапатталған.

Қаракөз АРАПХАНОВА: Қызылорданы таза қала дегенде төбем көкке жеткендей қуанамын

– Дәл осы қарқынмен жұмыс істеп, талды егу керек болды демей, әрі қарай да күтіп-баптауын жоғары деңгейде атқарсақ, Қызылорданы орман қылатын сәт алыс емес. Жасыл-желекпен көмкерілген әсем қаланың ортасында жүру әрбіріміздің жанымызға керемет әсер қалдырады. Сондықтан әрбір әрекетіміздің арғы жағында жерлестерімізге қолайлы орта, жанға жайлы, самалды өлке қалыптастыру тұрады. Мен бұл жұмысымнан ұялмаймын, керісінше, қол қусырып жүргендер ұялсын. Абай атамыз «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген ғой. Еңбектің наны қай кезде де тәтті, – дейді Қаракөз.

Қала орталығындағы жарықшамдарды сырлап, сынған орындықтарды жөндеп, қалпына да келтіріп жатыр. «Мынау менің жұмысым», «анау сенің жұмысың» деп жатқан ешкім жоқ. Барлығының илегені – бір терінің пұшпағы. Жақында ғана орталық көшелерден гүл егетін орындар дайындалып жатқанын байқадық. Қаракөз Әділбекқызы бастаған топ ол жерді де көрікті аймаққа айналдыруға бағыт алмақ.

– Әлеуметтік желілерден, газет-журналдар мен ақпараттық сайттардан біз туралы жазып жатқанын, қала халқының оң бағасын оқып, қуанып қаламыз. Ақмешіттің ажарланып, керемет қалаға айналуына әлі де атсалыса бермекпіз. Біз елге керемет көңіл сыйлап, қолайлы орта қалыптастырудан ләззат аламыз, – дейді ол.

Біз сұхбатты аяқтай сала қараторы келіншек «Құр тұрғанша жұмыс істегенім жақсы, қасымдағы кісілер еңбектеніп жатқанда менің қарап тұрғаным жарамас» деп, дереу іске кірісіп кетті. Міне, еңбек. Міне, еңбек адамы.

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!