Фото: Ақорда
KAZINFORM — Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі қайта назарға ілікті. Бұл ретте мемлекет тиісті жағдайды жасап жатыр, енді басты міндет — қоғамның өзінде. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ерлан Қарин «Жас Алаш» газетінде көтерілген кітап оқу деңгейіне қатысты материалға пікір білдірді. Ол көтерілген мәселе шынында да өзекті екенін баса айтты.
— Жуырда «Жас Алаш» газетінде жарияланған бір материалға көзім түсті. Тақырыбы — «Кітап оқымайтын қоғам: Жалған статистикаға жасырынған шындық». Талқыға баспагер Шыңғыс Мұқан, жазушы-баспагер Арман Әлменбет, кітапхана қызметкері Айдос Бектұрсын үн қосыпты. Көтерілген мәселе шынында да өзекті, — деп жазды мемлекеттік кеңесші.
Қариннің айтуынша, жастарды әлеуметтік желілердің ықпалынан шығарып, кітап оқуға баулу — қоғамның ортақ жауапкершілігі. «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы — кітап оқу», — деген Мемлекет басшысының сөзін мысал еткен ол мемлекет ешкімді мәжбүрлей алмайтынын, бірақ қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.
— Мемлекет ешкімді кітап оқуға міндеттей алмайды. Мемлекеттің міндеті — осыған негіз болатын алғышарттарды жасау. Яғни, оқырманның қажеттілігін өтейтін кітаптар басып шығару, шетелдің үздік туындыларын аудару, оқуға қолайлы жағдай жасау, оқу-білімді насихаттау, ынталандыру, — деді ол.
Соңғы жылдары кітап оқуды ынталандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Президент бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. «Балалар кітапханасы» және «Кітап-Amanat» жобалары іске қосылды.
— Әрбір қазақстандық оқуға тиіс 100 кітаптың тізімі айқындалды. Алматыдағы бірнеше кітапхана 24/7 жұмыс режиміне көшті. Сонымен қатар Президент идеясы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхананың құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда қоғамдық кітапханаларда 72 миллионнан астам құжат бар. Биылдың өзінде олардың қоры жаңадан 1 029 568 баспа өнімімен толықты. Электронды қор 2,2 миллионнан асады. Онлайн оқу платформалары да белсенді жұмыс істейді, — деді мемлекеттік кеңесші.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!