Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек биылғы I жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды баяндау мақсатында БАҚ өкілдермен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштерімен таныстырды.
Жылдан жылға өркендей түскен Қармақшы ауданының биылғы бюджеті 14 млрд 618 млн теңге деп бекітілген болатын, ал 6 айдың қорытындысы бойынша елді мекеннің қаржысы 2 млрд 559 млн теңгеге ұлғайтылды. Ал бүгінде аудан бюджеті 17 млрд 177 млн теңгені құрап отыр. Өз кірістері осы жылы 2 млрд 111 млн теңге болып нақтыланса, 6 айда 329 млн теңгеге көбейді. Кірістерінің жоспары 118,7% орындалып, шығындар 100%-ға игерілді.
Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша да қаңтар-маусым айларында алға ілгерілеу байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 100,3%, өңдеу өнеркәсібі 100,1%, ауыл шаруашылығының өнімі 103,7%, негізгі қорға салынған инвестиция 143%-ды, сондай-ақ құрылыс жұмыстары 129,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 105%-ды құрады.
Қармақшы – ауыл шаруашылығына негізделген аудан. Биыл 25 231 гектар алаңға егін егілді. Каналдар тазартылып, техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
Кәсіпкерлікке ойысатын болсақ, 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін құны 795,2 млн теңгеге 52 жоба несиелендіріліп, 77 азамат 113,7 млн теңгелік қайтарымсыз грант иеленді.
«Ауыл аманаты» жобасының аясында жалпы құны 540 млн теңге болатын 78 жоба несиелендіріліп, 92 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Ал өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба іске қосылды.
Көптеген қармақшылықты қуантқан жаңалық, ол – жарықтандыру жүйесі. Ауданның 3 елді мекеніне қажетті қаражат бөлініп, электр беру желілері қайта жаңғырмақ. Аудан қаржысынан Қуаңдария, Ақжар, III Интернационал, Алдашбай Ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін жаңарту үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді. Демеушілердің қаражаты есебінен Дүр Оңғар және Тұрмағамбет ауылының электрлік желілерін қайта жаңғыртуға арналған жоба-сметалық құжаттар дайындалуда. Алдағы уақытта аталған елді мекендер жобаға сәйкес жарық шамдарымен қамтамасыз етіліп, электр желілеріның сапасы артады.
Сондай-ақ Төретам және Ақай ауылдарын газбен қамтуға арналған құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, Дүр Оңғар ауылына газ жеткізуге 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Көгілдір отынның игілігін Иіркөл және Төребай би ауылдары да көреді, ол үшін арнайы қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмысы жүруде.
Ауданда халық игілігіне берілуі тиіс бірнеше ауқымды құрылыс жұмыстары жүруде. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорттық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында Ақай, Дүр Оңғар және III Интернационал ауылдарында дене шынықтыру кешендері салынуда.
Биыл елді мекендерде 5 балалар және спорт алаңын салуға 105 млн теңгеден астам қаражат қаралды. Ал кейінгі 3 жылда аудандық және демеуші бюджеті есебінен осындай 17 орталық ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Мұнан бөлек, жоба құны 1,7 млрд теңге болатын «Руханият заманауи орталығы» бой көтерді.
2024-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жосалы және III Интернационал ауылдарында мектеп ғимаратының құрылысы басталады, сондай ақ бүгінде №284 мектеп-лицей-интернатының құрылысы жүруде.
– Қармақшылық көлік жүргізушілері енді жол мәселесіне алаңдамаса да болады. Себебі аудан басшылығы инфрақұрылым саласын дамыту үшін қарқынды жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда көше жарығы, аяқ сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ жол жөндеу мәселесі шешімін табуда.
Облыс бюджетінен 1 млрд 371 млн теңгеге «Ақжар- Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 27 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Республика және облыс қаражатынан Қызылтам елді мекеніне жаңа асфальт төселіп, халық игілігіне берілді.
Жалпы алғанда аудандық маңызы бар жолдардың 83%-ы қанағаттандырарлықтай жағдайға жетті. Одан бөлек облыс бюджеті мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында аудан аймағындағы көшелерге күрделі және орташа құрылыс жүргізілді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!